Дер кезінде дөп басып айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын елмен бірге тыңдап шықтым. Барынша қысқа, тиянақты Жолдауда мемлекетті дамытудың негізгі тетіктері қарастырылған, қамтылған деген ойдамын. «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және қаржылық, техникалық саланы қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек» деді. Көптен айтылуы, көтерілуі тиіс мәселе осы еді ғой. халықтың қаржылық сауаты мен әлеуметтік жағдайына жіті қараған сайын банктердің де жауапкершілігі арта түсері сөзсіз.

Халық қазынасынан түсетін Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Қандай қаржылық ұйым болса да, халықпен санасуы тиіс. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Халық көкейіндегі сауал еді, шешімін тапты.

Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Президент әрбір жоба, әрбір шешім елге пайдалы болу керектігін жеткізді. Бюджетке көп салмақ сала беруді қою керектігін де айтты. Бұл – өте дұрыс. Себебі бюджет – халықтың қазынасы. Ысырап пен аста-төк шашуға жол жоқ. жауапкершілік болғаны ләзім. Қай істе болсын.

АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам халықпен бірлесіп, референдум арқылы шешілетінін жөн деп санаймын. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Осылайша Қазақстан қоғамы алдағы уақытта маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасайтыны анық.

Салауат Кентбек,

тарих ғылымдарының кандидаты