Депутат сапары
АЭС салу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында сенат депутаты Сергей Ершов өңірлерге іссапары аясында Қарағанды гарнизонына қарасты әскери бөлімдерді аралап, әскер әлеуетімен танысты. Әскерилердің ұсыныстары мен шағымдарын тыңдады. Депутат өзгеріс енгізу еліміздің өркениетті елдер қатарында көш бастауына мүмкіндік береді деген пікірде.
Парламент Сенатының депутаты қарағандылық әскери қызметшілермен кездесті. Қарағанды облысына сапары аясында депутат Сергей Ершов «Астана» өңірлік қолбасшылығының штаб-пәтерінде, 31775 және 50185 әскери бөлімінде болып, әскери қызметшілермен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Елімізге атом электр станциясын салу жөніндегі алдағы референдум туралы ақпарат айтылды.
– Атом электр станцияларының құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді және бұл сұрақ бізді де ойландырады. Осындай стратегиялық мәселелерді шешуге халық болып атсалысуымыз керек, Президент референдум өткізу туралы бастама көтерді. Сондықтан тұрғындарға референдум дегеніміз – халық дауыс беру арқылы өз таңдауын жариялай алатын тыңдаушы мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыру екенін жеткізу маңызды, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов.
Жиында Парламент Сенатының депутаты Қазақстан үшін атом электр станциясы құрылысының стратегиялық маңыздылығына кеңінен тоқталды. Әскери қызметкерлерді толғандыратын басты мәселе – қауіпсіздік. Сергей Ершовтың айтуынша, атом электр станциясы салынған жағдайда, ол халықаралық агенттіктің қатаң бақылауында болады. Депутат атом электр станциясының құрылысы елімізді сенімді және экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, одан әрі экономикалық өсу мен Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайтуға ынталандыру болатынын атап өтті. Шарада әскерилер де өз пікірлерін білдірді.
– Бізге Қарағанды жеріне сенат депутаты Сергей Ершов арнайы келіп, АЭС құрылуы туралы түсіндірген болатын. АЭС пайдасы мен зияны туралы айтылды. 6-қазан күні туралы өтетін референдумға тоқталды. Референдум кезінде бәріміз ойымызды білдіріп, дауыс беру керекпіз, әр дауыс маңызды, – дейді қатардағы жауынгер Нұрсұлтан Қасқырбаев.
Кездесу белсенді талқылау форматында өтті. Депутат АЭС құрылысына қатысты сұрақтарға түсініктеме беріп қана қоймай, әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты сауалдарға да жауап берді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде Сергей Ершов әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау, әскери қызметтің беделі мен мәртебесін арттыру үкіметтің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»