Депутат сапары

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден келді. Іссапары барысында ол биыл ақпан айында ашылған «Қарағанды қаласының отбасыларды қолдау орталығы» іскерлігімен танысып, өңіріміздегі басқа да нысанға барды.

Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығында 29 адам жұмыс жасайды. Олар әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, заңгерлер, психологтар, теолог және наркологтар. Бұл орталық әлеуметтік құқықтық тұрғыда мәселесімен келген тұрғындарға қызметін ұсынады. Орталық мамандары ювеналды сот қызметкерлерімен де бірлескен жұмысты жолға қойған.

– Біздің орталыққа қиын жағдайға ұшыраған отбасылар болсын, жалғызбасты аналар болсын, көпбалалы аналар болсын барлығы жүгіне алады. Олар заңдық немесе психологиялық мәселелермен келеді немесе қазіргі көптеген мемлекеттік бағдарлама жөнінде өздерінің туындаған сұрақтарына жауап ала алады, – дейді Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Айжан Киясова.

Қазіргі таңда елімізде 64 отбасыларды қолдау мекемесі бар. Олар қиын жағдайдағы азаматтармен жұмыс жасайды. Ләззат Таймырқызы орталықтар мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жасайтынын жеткізді. Ал Қарағанды облысының отбасыларды қолдау орталығы жарты жылдың ішінде азаматтарға 2 500-ге тарта қызмет көрсеткен.

– Біреудің баласы мектепке барып жүр ме? Емханаға дер уақытында қаралып жүр ме? Олардың баспанасы бар ма? Жұмыспен қамтылып жатыр ма? Яғни кешенді түрде жұмыс жүргізілетін болады. Бұрын білім басқармасы өздері тек қана баланың біліміне жауап берді, денсаулық басқармасы тек қана емханаға жауап беретін болса, енді отбасын қолдау орталықтары осы мемлекеттік органдардың жұмысын бәрін үйлестіріп, отбасыларды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етіп, толық көмек көрсететін болады, – деп атап өтті «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Ләззат Қожахметова.

Шараға Қарағанды облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, кеңесшілер, көпбалалы әйелдер, ұйым өкілдері мен партия мүшелері қатысты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден отбасыларда кездесер күрделі мәселелерді сөз етті және қолдау бағытында басты назар ауылдық отбасыларға салу керектігін айтты.

– Ауылды жердегі әйелдер осындай орталықтардың бар екенін білмейді. Күні кеше күйеуінен таяқ жеп, ауыр жағдайда болған кезде қандай жерге баруды білмеген. Тек қана ғимарат болғаны, әкімшілік болғаны жақсы. Істің бәрі сапалы түрде жүргізілуі керек. Әр адамның, әр әйелдің, әр отбасының түбіне дейін жетіп, сол мәселелерді шешуге тырысуымыз керек, – дейді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден.

Мәжіліс депутаты орталық іскерлігін бағдарлаған соң, осы жылдың 1 маусымында пайдалануға берілген «Кәусар» оқушылар сарайының бүгінгі қызметімен де танысты. Іссапары барысында мәжіліс депутаты көпбалалы аналармен, әйел көшбасыларымен, Қарағанды облысының әйелдер және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, отбасының ішіндегі мәселелерді көтеріп, әйел құқығын ортаға салды. Шара соңында Қарақат Әбден жиналған қатысушылар мен көпбалалы аналарға арнайы кітаптарды сыйға тартты.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»