Денсаулық кепілі
«Спорт әр аулада»: Қарағандыда 3 жыл қатарынан дәл осы жоба жаз айларында үздіксіз жұмыс жасап келеді. Аталмыш спорттық шараға қаламыздың әртүрлі жастағы тұрғыны қатыса алады.
Тұрғындарды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт алаңдарын тиімді пайдалану мақсатында Қарағанды қаласында 2022 жылдан бастап жазғы кезеңде халықтың барлық жас тобы үшін «Спорт әр аулада» жобасы іске асырылуда. Бұл жобаны Қарағанды қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шахтер» стадионы қолдап отыр. «Спорт әр аулада» жобасы 1 маусымда, жаздың бірінші күнінде басталды.
– Бүгінгі таңда қаланың 39 тұрғын үй алаңы жоба шеңберінде қамтылған, оның 22-сі Қазыбек би ауданында, 17-сі Ә.Бөкейхан ауданында. Салауатты өмір салтын ұстанатын ауланың қатарына кез-келген аула қосыла алады. Алайда, мұның өзіндік шарттары да бар, – дейді Қарағанды қалалық дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Ал, «Спорт әр аулада» жобасының жаттықтырушылары да өзіндік критерий бойынша таңдалып алынады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін сабақты өткізу уақыты таңертең және кешкі уақытта таңдалды. Барлық сабақ балалар үшін де, ересектер үшін де тегін. «Спорт әр аулада» жобасын іске асыру туралы ақпаратпен «Шахтер» стадионының @stadionshakhter әлеуметтік желілерінен танысуға болады.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»