Әдеби кеш
«Әдебиет әлемінің абызы». Гоголь атындағы облыстық кітапханада халқымыздың танымал қаламгері, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Көрнекті жазушының шығармашылық мұрасы насихатталды.
«Әдебиет әлемінің абызы» атауымен айшықталған әдеби кеште қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, оның қаламынан шыққан туындыларды жаңа буын өкілдеріне таныстыруға ерекше мән берілді. Қаламгердің еңбектері оқырманға ой салып, түрлі мәселеге бейжай қарамау керектігін меңзейтін туындылар. Бұл кешті «Әдебиет әлемінің абызы» деп атауы да бекер емес, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің ғұмыр жолына қарап отырып, ұлт тарихының өткен ғасырдағы тұтас тарауларын аңғаруға болатыны айтылды. Әдеби кеште өткен ғасырдағы нәубетті жылдар ауыртпашылығы, қазақ халқына түскен зобалаң жайы да айтылды. Әбдіжәміл Нұрпейісов 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан кейін дүниеге келіп, сол нәубетті көрді.
– Ашаршылық болып, халықтың бірталайы қырылып қалғаннан кейін, 1924 жылы дүниеге келген. Енді есті жиып жүріп, мектепке баратын кезде 1929 жылдардың аяғында бұл кісі жаппай күштеу болды ғой, ауқаттылардың малы тартып алынды, оларды жер аударды. Үкімет асырай алмай қалды, тағы да аштық болды. Жас болса да осыны көріп өсті, – дейді «Bolashaq» академиясының профессоры, ф.ғ.д. Мәуен Хамзин.
Өткен ғасырда ел басына күн туған қайғылы қасіретті жылдарды зобалаңды көріп өсіп, одан кейін он сегізге толар-толмас шағында соғысқа аттануы, отты жылдардағы арпалысы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармасына арқау болды. Жазушының қаламынан туған туындылар қазақ әдебиеті алтын қорына қосылған қымбат қазына, деді шараны ұйымдастырушы кітапхана ұжымы. Әдеби кешке қатысқан оқушы жастар сахналық үзінді арқылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың танымал туындысы «Қан мен тер» шығармасындағы басты кейіпкер Еламанның ішкі жан дүниесін, күйзелісін көрсетуге тырысты. Әдеби кеш барысында жазушының өмір жолы мен қазақ даласындағы саяси жағдайларды әлеуметтік мәселелерді қоғамдағы өзекті жайлар, адамдар арасындағы қарым-қатынасты үлкен толғаныспен қозғаған шығармалары жайында әңгіме қозғалды. Шара соңында «теңіздей толқыған қаламгер» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»