«ӘДЕБИ ДАСТАРҚАННАН» ДӘМ ТАТУ
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Қош келдің, әз Наурыз!» әдеби дастарқаны ұйымдастырылды. Атауы айтып тұрғандай, дастарқандағы дәмнен бөлек, келушілер әдебиетке де сусындап қайтты. Кітапханашылар сахналық көрініс ретінде жиналғандарға мейрамның тарихын айтып, наурызкөженің сырын ашты.
Одан бөлек қала мектептерінің оқушылары да өнер көрсетті. Ғабиден Мұстафин атындағы ЖББОМ оқушылары шараға Теміртаудан арнайы келген. Олар жиналғандарды асық ойынының түрлерімен таныстырды.
– Ұлттық ойындардан ең көнелерінің бірі – асық ойыны. Біз білетін бесасық ойынының өзінің 13 кезеңі бар. Бүгін біз бесасық ойынын ойнаймыз. Өзім бесасықты күзден бері ойнаймын. Үлкен кісілерден, интернеттен көріп үйрендім. Қазір тұрақты ойыншымын, – дейді Амина Дархан.
Амина мен Гүлжанат – 6-сынып оқушылары. Олар шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық ойынның ережелерімен таныстырды.
– Бұл ойын қиын көрінгенімен, ойнаған жанға өте оңай. Бесасықтың ережелері: атып жатқанда денеге тиіп кетуге болмайды; қолыңды жерге қойып отыруға болмайды. Солай ойналады. Бесасық жастарға ептілікті, еркіндікпен ойнауды үйретеді. Сондықтан қатарластарымды ұлттық ойындар ойнауға шақырамын, – дейді Гүлжанат Әуесбаева.
Шарада ұлттық ойындармен қоса ән мен күйден шашу шашылды. ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Людмила Мельникова жиналғандарға арнап жеке шығармашылығынан ән орындады.
– Бүгін мұнда үлкендер мен жастар жиналған. Бұл мейрам баршамызды бір арнаға тоғыстырып отыр. Наурыз – көктемнің ең жылы, ең тамаша мейрамы. Баршамызға құтты болсын! Елімізге тыныштық, басымызға амандық тілеймін! – деп композитор ізгі тілегін білдірді.
Ұйымдастырушылар мұндай шараларды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Дегенмен биылғы Наурызнама онкүндігінің орны бөлек. Бұл күнгі мақсат жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
– Біздің мақсатымыз – осы күні түркі халықтарының ең басты Наурыз мейрамын жастар арасында дәріптеу, мейрам жайлы танымдық ақпарат беру. Наурызды қалай ерекше тойлауға болатыны жөнінде үлгі көрсетіп, жастардың бойында ұлттық сезім ұялату, – деп атап өтті Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Жанар Қартабаева.
Әдеби дастарқан соңында келушілер наурызкөжеден ауыз тиіп, барлығы бірге қара жорға биледі. Кітапханада Наурызнама онкүндігінің әрқайсысына арналған түрлі шара жоспарланған.
Нұрәсем АХАН,«QH»