Дарынды ауыл жастары республикалық олимпиадаға жолдама алды
Қарағанды облысында республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі мәреге жетіп, ауыл мектептерінің талантты оқушылары марапатталды. Биылғы оқу жылында олимпиаданың облыстық кезеңіне облыс аумағындағы 700-ге жуық жас қатысып, білімін сынады. Олар математика, физика, тарих, биология сияқты негізгі пәндер бойынша өзара додаға түсіп, үздік нәтижелерімен көзге түсті.
Марапаттау рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысты. Ол ауыл мектептерінің оқушыларының жетістіктерін жоғары бағалап, олимпиаданың маңызын атап өтті.
«Ауыл мен қала мектебінің айырмашылығы да бар, бірақ соңғы кездері өздеріңіз көріп жатқандай, ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлінуде. Президент тұрғысынан да бұл маңызды: тек біздің облысымызда 68 инновациялық мектептің 60 пайызы ауылда орналасқан. Осы мектептердің барлығын біз екі жылдың ішінде толығымен қала мектептерінің деңгейіне жеткіземіз. Үш жыл бұрын кейбіреулер балаларды неге ауыл мен қала оқушылары деп бөлесіздер деп жатты. Негізгі мақсат – ауыл жастарына қосымша мүмкіндік беру, өз таланттарын көрсету және білімдерін жетілдіру. Бүгін біреулер ұтады, біреулер жеңілмейді деп қарамаңыздар. Ең бастысы – қатысу және қосымша білім алу. Сіздердің алдарыңызда әлі үлкен жол, оқу бар, бұл тек бір қадам», – деді Әлібек Әлденей.
Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев ауыл оқушыларының білімге деген ынтасын қолдап, оларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен мұғалімдер барлығына мүмкіндік жасап, сіздер жақсы білім алып, үлкен азамат боласыз деп сенеміз. Жолдарыңыз ақ болсын, биік белестерден көрініңіздер», – деді Дулат Жекебаев.
Биылғы олимпиада тек қабілетті оқушыларды анықтап қана қоймай, ауыл балаларының ғылыми ізденісін, интеллектуалды әлеуетін шыңдауға мүмкіндік берді. Жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
– Осы ауыл олимпиадасына қатысу – мен үшін үлкен тәжірибе және бақыт. Екі жыл қатарынан Қарағанды облысы атынан бірінші орын алып, республикалық кезеңге қатысып жатырмын, – дейді Бұқар жырау ауданы Ростовка тірек мектебінің 11-сынып оқушысы Жаншырақ Сержан.
Олимпиада – ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын көпір. Бүгін марапатқа ие болғандар сол көпірден нық өтіп, келешекке сенімді қадам басты. Енді оларды республикалық деңгейде одан да биік белестер күтіп тұр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

