ДӘРІ ТАҢБАЛАУ

Бірінші маусымнан бастап дәрі қымбаттауы мүмкін. Осылай деп алаңдаушылық білдірген қарағандылық кәсіпкерлер «таңбалау салдарынан шағын дәріханалар жабылады» деп дабыл қағуда.

Сондықтан осы күнге дейін созылып келе жатқан таңбалау жұмысын жоғары жақтағылардың тоқтатқанын қалайды олар. Сөздерінше, басқа – басқа, мемлекет дәрі таңбалауға дайын емес. Оған дәлел – интернет жүйесінің сапасыздығы. Бұл жайт таңбалау жасауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан шалғай ауыл тұрғындарының басым бөлігі керекті дәрілерінен қағылады. Ол аздай, шағын дәріханалардың бизнесі тоқтап, бәсеке азаятынын айтады Наталья Мартынова.

– Таңбалау енеді дегенді естіген бойда сатылатын дәріханалар жарнамасы жиілеп кетті. Мына шектеулерден кейін шағын кәсіпкерлердің жұмысы алысқа бармайды. Жабылады. Таңбалаудың осыған әкелетіні анық.

Дәріхана иелерінің алаңдаушылығын кәсіпкерлер қауымдастығы басшылары да қолдап отыр. Олар аталған мәселені бірнеше мәрте үкіметте қозғаған. Алайда нәтиже болмапты.

 

– Енді бірінші маусымнан бастап дәрілерге таңбалау енгізілетін болса, қымбатшылық болуы мүмкін. Бұл неге әкеліп соғады? Мысалы, дәрі-дәрмектің қымбаттауына әкелуі бек мүмкін. Интернет тұрақты жұмыс істемейді. Оған интернет желісі керек. Істеп тұру үшін. Нақты үлкен ритейлдер кіріп жатыр. Атап айтқанда, өзге мемлекеттерден келіп жатыр. Бәсекелестікке сай болмаған шағын кәсіпкерлер жабылып қалуы мүмкін, – дейді Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының басшысы Ермек Әбілдин.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»