Дәрі-дәрмек тексерісі

Құқықтық статистика комитеті ақпарынша Қазақстанда фармацевтика саладағы құқық бұзушылықтар екі есеге артқан. Дәрі-дәрмектер қалай тексеріледі, неге елде контрабандалық препараттар көп, дәріханаларға сенім қанша және неге Қазақстан медикаменттермен өзін тек 18% ғана қамтамасыз етеді?

Қарағанды фармацевтикалық кешені небәрі 18 түрлі дәрі шығарады. Олардың әрқайсысын нарыққа шығару үшін көпжылдық клиникалық зерттеулер, қомақты қаржы және табандылық қажет болғанын айтады басшылық. Инвесторлар бұл кәсіпорынға 100 миллион доллар қаржы салған. Алайда, биыл мемлекеттік сатып алуларда бұл препараттар шетелдік өнімдерге ауыстырылды. Заводтағылардың пікірінше, көптеген бюрократиялық кедергіге байланысты Қазақстанның фармацевтика саласы мүмкіндігіне сай дами алмай келеді. Бүгінде нарықтағы дәрі-дәрмектің тек 18%-ы ғана отандық өнім.

– Егер бұл кедергілер жойылып, толық қолдау көрсетілсе, біз отандық өндірістің үлесін президенттің тапсырмасына сәйкес 50%-ға дейін жеткізер едік. Меніңше, алдағы 5 жылда осындай серпіліс жасайтын едік, – дейді Қарағанды фармацевтикалық кешенінің атқарушы директоры Ерікбек Ағатанов.

Үкімет дәрі-дәрмекті таңбалау талаптарын қабылдаған кезде, бүгінгі күні әрбір оныншы қаптама жалған екенін хабарлаған еді. Жыл ішінде дәрі-дәрмек айналымында шамамен 1 200 заңбұзушылық анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есеге көп. Заңсыз медициналық қызмет көрсету жағдайлары 42%-ға өсті. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексерулердің көпдеңгейлі екенін, оның ішінде зертханалық зерттеулер жүргізілетінін айтты.

– Өкінішке қарай, жеке пайдалану үшін әкелінген препараттар арасында да сапасыздары кездеседі. Мұндай жағдайды бақылау үшін біздің мемлекеттік орган медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті таңбалау жобасын енгізді, – дейді Дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сапаны бағалау департаментінің басшысы Динара Дәуітова.

Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы Қазақстанда жалған емес, керісінше, контрабандалық дәрі-дәрмектердің көп екенін айтады. Маркетплейстерде дәрі-дәрмектердің сапасы, сақтау шарттары және елдегі тіркеуі ешкім тарапынан тексерілмейді, ал сатушылар салықтар мен кедендік алымдар төлемейді. Қауымдастық та нарықтың дамуына бюрократияның кедергі келтіріп отырғанын мойындайды. Фармацевтикалық зауытқа жер телімін алу да қиындық тудырады.

– Шындыққа тура қарауымыз керек және алдағы 10 жылда өзімізді 50%-ға дейін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмайтынымызды айтуымыз керек. Себебі, жаңа кадрларды дайындап, оқытып, оларды шетелге жіберіп, тәжірибе алмасу қажет. Барлық заманауи жабдықты, зертханаларды әкелу керек, бұл өте көп қаражатты талап етеді. Мұнда мемлекет қолдау көрсетіп, көмектесуі керек, – деген пікірде Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаров.

Қазақстандықтарға дәрі-дәрмектің сапасына сенімді болу үшін оларды лицензияланған дәріханалардан сатып алып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміндегі сертификаттардың бар-жоғын DariKz қосымшасы арқылы тексеруге кеңес беріледі.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»