Дәрі-дәрмек бағасының төмендеуі: халыққа қолжетімділік артты
Жағымды жаңалық! Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы айтарлықтай арзандады. Фармбақылау органдарының мәліметінше, дәріханалардағы кейбір препараттар желтоқсан айымен салыстырғанда 10, 20 пайызға, тіпті жарты бағасына дейін төмендетілді.
2025 жылдан бастап баға түзудің жаңартылған механизмі іске қосылды. Қазіргі уақытта мемлекет 5 мыңнан астам дәрілік препараттың құнын реттейді. Дәріханалардың дәрі-дәрмекті белгіленген шекті бағадан жоғары сатуға құқығы жоқ.
«Басты міндет — қажетті препараттардың халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Егер тұрғындар дәріханадағы дәрі-дәрмек бағасы белгіленген шекті құннан қымбат екенін байқаса, олар «E-GOV», «eOtinish» порталдары немесе мобильді қосымшалар арқылы, сондай-ақ «Naqty Onim» немесе «DariKZ» қосымшалары арқылы департаментке өтініш білдіре алады», — дейді Роза Егембердиева, Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің фармацевтикалық қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер және фарминспекторат бөлімінің басшысы.
Мамандар ай сайын ең көп сұранысқа ие 70 дәрі-дәрмек түріне талдау жүргізеді. Мысалы, желтоқсан айынан бері:
«Беродуал» препараты 9 пайызға,
«Ревмоксикам» 42 пайызға,
«Цифран» 26 пайызға,
«Антаристің» бір дозасы екі есеге жуық арзандады.
«Нарықта ескі бағамен сатылатын дәрілік препараттар кездесуі мүмкін. Бұл кейбір препараттардың жаңа ережелер енгізілгенге дейін сатып алынғанына байланысты. Заң бойынша, олар жеткізілім аяқталғанға дейін бұрынғы бағамен сатыла береді», — түсіндіреді Роза Егембердиева.
Алайда дәріхана сөрелерінен жоғалып кететін препараттар да бар. Көбіне бұл — арзанырақ дәрі-дәрмектер. Егер дәрілердің немесе олардың құрамындағы субстанциялардың сатып алу құны белгіленген шекті бағадан жоғары болса, жеткізушілер оларды дәріханаларға тасымалдауды тоқтатады. Фармбақылау мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда компаниялар арзанырақ жеткізушілерді іздестіреді, және бірнеше айдан кейін мәселені шешеді. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы қайта тіркеу процесі де жеткізілім үзілуіне әсер етуі мүмкін.
Жұпар АМАНБАЙ,
«QH»

