Чемпиондар марапат төрінде

Қазақстандық жас былғары қолғап шеберлері Иордания мен Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Ұлттық құрама құрамында қарағандылық боксшылардың да еңбегі елеулі болды. Жергілікті былғары қолғап шеберлерін бокстан олимпиада чемпионы Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев марапаттап арнайы алғысхаттар табыстады.

–  «Жеңімпаздарды құттықтаймын! Олар – еліміздің болашағы. Мұндай жеңістер жастардың жігері мен еңбегінің жемісі. Алдағы жарыстарда табыстар тілеймін!» – деді ол.

Мамыр айының басында Иорданияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қарағандылық апалы-сіңлі Аяулым және Кәмила Оспанова алтын медальға қол жеткізді. Одан соң Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында да жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы топ жарды. Онда қарағандылық спортшылар жеті медаль иеленді: төртеуі алтын, екеуі күміс, біреуі қола.

– Біз өңірімізде боксты дамыту үшін ауыл-аймақтарда жаңа бокс мектептерін ашып, жас бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп жатырмыз. Бұл бастамалар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп сенемін, – дейді Қарағанды облысы Бокс Федерациясының атқарушы директоры Самат Адхамов.

Жеңімпаздар үлкен тәжірибе жинап, әр жекпе-жекті болашақ жетістіктерге бастар баспалдақ деп санайды. Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында өткен салтанатты кеште чемпиондарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсіміне облыс басшылығы мен спорт жанашырлары қатысты.

– Бұл менің екінші Азия чемпионатым. Алғашқысы 2024 жылы Абу-Дабиде өтті, ол жарыста үшінші орынды иелендім. Осы жолы алтын алуға мақсат қойып, ұзақ дайындалдым және жетістікке жеттім. Халықаралық жарыстарда чемпион болып жүрмін, бірақ менің басты арманым – 2028 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадада қатысып, алтын медаль алу», – деді жас боксшы Кәмила Оспанова.

Бұл жеңіс – жастар спортындағы ірі жетістік қана емес, алдағы әлемдік додаларға сенімді қадам. Қарағандыдан түлеп ұшқан чемпиондар әлі талай дүбірлі жарыстарда көк туымызды желбірететін болады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»