Бюжеттік ұйымдар үшін жылу бағасы 35 пайызға өсті
Қарағанды қаласында тозығы жеткен жылу желілерін жөндеуге қаржы қажет. Оны табудың бір жолы коммуналдық төлемді өсіру. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарағандыда жылу бағасын қымбаттатты.
Бұл қымбатшылық бюджеттік ұйымдарға ғана қолданылмақ. Халық пен бизнес үшін 2021 жылы жылу тарифі өзгеріссіз қалды.
Монополист жылу бағасын 60 пайызға өсіруге ұсыныс жасады. Дегнемен ұсыныс ішінара ғана қанағаттандырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің 30.11.2020 жылғы № 224-НҚ бұйрығы негізінде бюджеттік ұйымдар үшін жылу энергиясымен жабдықтау қызметтеріне 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 Гкал үшін ҚҚС-сыз 9 713,83 теңге мөлшерінде тариф енгізілді. Жеке тұлғалар мен өзге де заңды тұлғалар үшін тариф өзгеріссіз қалды.
2021 жылы үйлерінде жылу есептеуіштері жоқ қарағандылықтар алаңның шаршы метрі үшін бұрынғыдай 115,85 теңгеден төлей бермек. Есептеу құралдары бар тұтынушыларға да өткен жылғыдай гигакалория үшін 3407,4 теңге. Халық үшін ыстық су да қымбаттамайды. Оның құны текше метр үшін 344,11 теңге деңгейінде қалды.
Бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға келетін болсақ, әзірге олар үшін жылуға бірыңғай тариф қолданылады – гигакалория үшін ҚҚС қоса есептегенде 8020,63 теңге.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемдер екіге бөлінді. Кәсіпкерлер ескі бағамен, ал мектептер, ауруханалар, балабақшалар, мәдениет үйлері мен мемлекеттік ұйымдар жаңа, жоғары бағамен гигакалория үшін 10879, 49 теңге төлейтін болады. Олар үшін тарифтің өсуі 35,6% — ды құрап отыр.
«Тарифті өсірудің негізгі себептері бірнешеу. Біріншіден, бұл нақты шығындардың тарифтік сметадағы шығындарға сәйкес келмеуі. Қолданыстағы тариф 2015 жылы бекітілді. Оның өсуі барлық 5 жыл ішінде 11% құрады. Осыған байланысты кәсіпорынның барлық нақты шығындары ескерілмеген. Тек инфляция деңгейі жыл сайын орта есеппен 6%-ды құрады. Осыған байланысты бізде қазір барлық шығын баптары бойынша тапшылық бар. Әсіресе, еңбекақы төлеу, ЖЖМ, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, сондай-ақ салық төлемдері бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр,- деген болатын «Теплотранзит Караганда» ЖШС Бас директоры Әлішер Ибрагимов.
Сондай ақ, Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жылу энергиясы мен электр энергиясын өндіру тарифтерін өсіруі де басты себептің бірі.
«Тек 2020 жылдың өзінде жылу энергиясын өндіру 7%–ға және электр энергиясын өндіру 18 ға қымбаттады», — дейді қызмет көрсетуші.
Жылу бағасының монополист күткендей жоғарыламауы қысқы маусымға дайындықтың сапасына әсер еткен тәрізді. Қаңтардың алғашқы аптасында Қарағанды қаласындағы пәтерлер суып, жылу температурасы төмен түсіп кетті. Халық наразылығы күшейген соң, қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев видео арқылы кешірім сұрады.
«Жылуды сапасыз жабдықтауға байланысты туған қолайсыздықтар үшін әкімдік атынан және жеке өз атымыздан кешірім сұраймыз. Бұл әсіресе Сұрыптау, Пришахтинск, Майқұдық маңы мен Оңтүстік-шығыс ауданы тұрғындарына қатысты. Осы мән-жайды ескере отырып, қызмет көрсетуші жылу төлемін қаңтар үшін қайта есептейді»,-деген болатын әкім.
Қала тұрғындарының толассыз шағымынан кейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Караганда Энергоцентр» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Кәсіпорынға айыппұл салынды, ал қала тұрғындарына толық алынбаған жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізілді. Департамент құбырлардағы нақты параметрлердің ауытқуын, қызметтердің сапасы белгіленгенге талапқа сәйкес келмейтінін анықтады.
«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 164-бабының 4-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық белгілерін, атап айтқанда, табиғи монополия субъектісінің Қазақстанның табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді тиісінше орындамауын байқауға болады. Осыған байланысты «Караганда Энергоцентр» ЖШС-не 4 667 200 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды»,-деп хабарлады баспасөз қызметі.
Комитет қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үйінде ортақ есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға толық алынбаған жылу энергиясы үшін қайта есептеу 2020-2021 жылғы жылыту кезеңі аяқталғаннан кейін жүргізілетінін түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚарағандыЖылуСбыт» компаниясы 15 тамыздан бастап электр энергиясы тарифтерін көтерді. Оған Қарағанды облысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №1-4/1876 дәлелді қорытындысы негіз болды.
Электр энергиясына тарифті көтерудің бірнеше себебі бар. ЖЭО-1 мен ЖЭО-3-ға Өскемен ЖЭО-дан электр энергиясын сатып алу бағасы артқан. Сондай-ақ сәуір-мамыр айларындағы төтенше жағдай салдарынан кіріс 215 миллион теңге шамасында кем болған. Осының барлығы электр энергиясын сатып алу шығындарын өсірді. Нәтижесінде өткен жылдың 15 тамызынан бастап Қарағанды қаласында тұрғындар үшін электр энергиясы 5%-ға, бизнес үшін 10%-ға және бюджеттік ұйымдар үшін 12,5%-ға қымбаттады.
Тариф бағасы жыл сайын өскенімен, ол азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысына кепіл болар емес.
Ләззат Қожахметова