Бюджетке өзгеріс енгізілді
Қарағанды облысында балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты ұлғайту үшін қаражат қарастырылды. Бір балаға енді 38 мың теңге бөлінеді – бұл бұрынғыдан 9 мың теңгеге артық. Облыстық мәслихат депутаттары онлайн режимінде өткен кезектен тыс VIII сессияда облыстық бюджетке өзгерістерді мақұлдады.
Облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов соңғы жылдары күзгі маусымда бюджет қосымша түсімдер, салықтық және салықтық емес төлемдер есебінен ұлғайып жатқандығын атап өтті.
— Карантиндік іс-шаралар нәтижесінде жоспар бойынша атқарылмаған жұмыстар, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша үнемдеу нәтижесінде облыстық бюджетте қосымша қаржы көздері пайда болған. 4,8 миллиард теңгеден астам қаражат біздің өңір үшін әлеуметтік маңызы бар салаларға жұмсалады. Ең маңызды сала – білім беру жүйесі. Қарастырылып отырған қаражат 1-4 сынып оқушыларының тегін тамақтануына, балабақшаларда жан басына қаржыландыруға, балалардың қауіпсіздігіне жұмсалады. Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға қаржы бөлу ұсынылды. Бұл – қазіргі уақытта өте өзекті. Оған қоса, Балқаш пен Ұлытау ауданында тұрғын үй сатып алуға, Қарағандыдағы Денсаулық сақтау ұйымдарының шығыстарына, Сәтпаев қаласындағы балабақша құрылысын аяқтауға, Атасу мен Кеңгір мектептеріне, Шахтинск қаласындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне, облыс жолдарын жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат бөлу жоспарлануда, — деді Серік Өтешов.
Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина қаражаттың 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын атап өтті. Оның айтуынша, педагогтар жалақысына, шәкіртақыны ұлғайтуға, балабақшаларда жан басына қаржыландыру, коммуналдық қызметтерді төлеуге, ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінеді. Қаражаттың қалған бөлігі өңірде тұрақты баға жағдайын қамтамасыз етуге, яғни, азық-түлік тауарларын сатып алуға, жарғылық капиталды ұлғайтуға, эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге, көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтерлер сатып алуға, тұрғынүй және әлеуметтік объектілер құрылысын аяқтауға жқмсалады.
Сессия барысында депутаттық корпус өңірдегі іске асыруға жоспарланған жаңа мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларға оң көзқарасын білдірді. Сонымен қатар, қоғам белсенділері Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының әкімшілік шекараларын өзгертуді ұсынды. Бұл бастамалар «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасын орындау шеңберінде жүргізілуде.
— Қаражат аймақтың дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Өте маңызды мәселе – тұрақтандыру қорларын толықтыру. Біздің фермерлер мен тауар өндірушілердің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары бағалап, алғыс айтқым келеді. Биыл жаз құрғақ болғанына қарамастан, диқандар жақсы өнім жинады. Бұған мемлекеттік қолдау көмектесті. Біздің тараптан минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесін толығымен жабу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының жұмыс сапары барысында Жезқазған өңірі үшін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Бірінші кезекте Жезқазғанды сумен жабдықтау мәселесі тұр. Президентке Сәтбаевқа қатысты үлкен мәселені шешкеніміз баяндалды. Жаңа Есқұла су құбыры қазір сапалы жерасты ауыз суын толық көлемде беріп отыр. Жәйремде қорғасын-мырыш өнімдерін шығаратын үлкен байыту комбинаты ашылды. Бұл Қаражал мен Жәйремнің дамуына айтарлықтай серпін береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы біздің өңірде туризмді дамытуға көп көңіл бөлді. Біз осы бағыттарда қарқынды жұмыс атқаруымыз тиіс, — деді Жеңіс Қасымбек.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,
QH