Бюджет миллиардтары мен қараусыз қалған аулалар: Тексеру комиссиясының қорытындысы
Миллиардтар бөлінді, бірақ аулалардың жартысы жарықсыз: Тексеру комиссиясы абаттандырудағы шикіліктерді әшкереледі. Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясы өңірдегі абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысты жүргізілген аудит қорытындысын жария етті. БАҚ өкілдері мен аудит объектілері қатысқан дөңгелек үстелде облыс бюджетінің миллиардтаған қаражатының жұмсалу тиімділігі қызу талқыға түсті.
Динамика бар, нәтиже қайда? Аудит мәліметтеріне сүйенсек, 2022-2025 жылдар аралығында облыста абаттандыру саласына 64,0 миллиард теңге бағытталған. Қаржыландыру көлемі жыл санап артып келе жатқанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді. Бүгінгі таңда облыстағы 2 669 ауланың 1 416-сы (яғни 53%-ы) әлі де қарапайым жайлылық элементтерінен ада. Онда жарықтандыру, қоқыс алаңдары жоқ, балалар ойын алаңдары мен автотұрақтардың жағдайы сын көтермейді.
Иесіз мүлік – жүйелі мәселе. Комиссия мамандары көппәтерлі үйлердің ауласындағы нысандарды күтіп ұстау мәселесін басты проблема ретінде атап өтті. Салынған алаңқайлар мен қондырғылар жергілікті әкімдіктердің теңгерімінде қала бергендіктен, тұрғындар мен ПИК тарапынан оларды сақтауға деген ынта төмен. Салдарынан бюджетке салмақ түсуде: соңғы төрт жылда бұл нысандарды күтіп ұстауға 1,7 миллиард теңге бөлінген. Мамандардың пікірінше, меншік мәселесін жүйелі реттемейінше, бұл шығын тоқтамайды.
Дендрожоспарсыз көгалдандыру Өңірдегі көгалдандыру жұмыстары да сынға ілікті. Облыстағы 203 елді мекеннің 200-інде жасыл желектерді орналастырудың өзекті дендрологиялық жоспар-схемасы жоқ болып шықты. Стратегиялық жоспардың болмауы көшеттердің ретсіз егілуіне және бюджет қаражатының желге ұшуына әкеп соғуда.
Жиын соңында мемлекеттік аудит объектілерінің өкілдері анықталған бұзушылықтарды жою бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы есеп берді. Қатысушылар бұл мәселелерді шешу үшін кешенді стратегия мен меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартты.
Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясы көтерген бұл мәселелер – бюджеттің әр тиынын халық игілігіне жұмсауды талап ететін Әділетті Қазақстан қағидасымен үндес. Абаттандыру – тек есеп үшін емес, әрбір тұрғынның жайлылығы үшін жасалуы тиіс. Сондықтан, жауапты органдар алдағы уақытта «миллиардтарды игеру» емес, «сапалы нәтиже шығару» принципіне көшуі тиіс.
Қарағанды облысы бойынша тексеру
комиссиясының ақпараты негізінде

