Былғары қолғапты қос ару
Тараз қаласында 2008—2009 және 2010-2011 жылдары туған қыздар арасында бокстан ел чемпионаты өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар бақ сынаған бұл дода биыл ерекше тартысты өтті. Әсіресе, Қарағанды спортының абыройын асқақтатқан апалы-сіңлі Аяулым мен Камила Оспанова көпшіліктің назарын өздеріне аударды. Екі спортшы да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, алтыннан алқа тағып, Қазақстан чемпиондары атанды.
Бұл турнир Камила үшін ерекше болды. Өйткені ол төртінші рет ел чемпионы атанып, өз мансабында ірі белесті бағындырды. Осы нәтижесінің арқасында спорт шебері атағына қол жеткізді. Аяулымның жетістігі де аз емес. Небәрі 15 жасында талай биікті бағындырып үлгерген жас талант бүгінде спорт шеберлігіне үміткер. Бұған қоса, ол екі дүркін Азия чемпионы, Азиада ойындарының, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы.
Аяулым жеті жасынан бастап бокс қолғабын қолына алған. Сол уақыттан бері әуесқой мансабында ешқандай қарсыласына есе жібермей, бірде-бір жекпе-жекте жеңіліс таппаған. Тараздағы чемпионатта ол 66 келі салмақта жұдырықтасып, өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді. Барлық жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап, финалда да басымдық танытып, алтын медаль иеленді.
Ал Камиланың бокспен айналыса бастағанына көп бола қоймағанымен, оның дамуы мен нәтижесі көптеген спорт маманын таңғалдырады. Осы чемпионатта ол 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Камиланың финалдағы қарсыласы – тараздық тәжірибелі спортшы, Азия чемпионы және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Соған қарамастан, Камила екі раундта төрешілердің бір ауыз шешімімен айқын жеңіске жетті. Қарсыласы соңғы айналымда жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Аяулым да, Камила да чемпионат барысында үш кездесуден өткізіп, барлығын мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл олардың дайындық деңгейін, шеберлігін және рингтегі сенімділігін айқын көрсетеді.
Жарыс соңында қыздардың әкесі әрі жеке жаттықтырушысы Жеңіс Оспанов шәкірттерінің жеңісіне деген қуанышын жасыра алмай, олардың дайындығы туралы былай деді:
– Қос спортшым да бабында. Жаттығуларын жоғары деңгейде орындап жүр. Ең бастысы – екеуінің де жеңіске деген жігері мықты. Бұл чемпионатта да өз мүмкіндіктерін толық көрсете алды, – деді спортшылардың әкесі әрі жаттықтырушысы Жеңіс Оспанов.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

