Бруцеллез – бейқамдықты кешірмейтін індет

Халық денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Ал ауылшаруашылығы – ел экономикасының күретамыры. Осы екі ұғым – адам мен мал саулығы бір-бірінен ажырамас егіз ұғым іспетті. Мал – тіршіліктің тірегі. Қазақ халқының аман-саулық сұрасқанда «Мал-жан аман ба?» деуі бекер емес. Алайда мал басының көбеюі ғана емес, оның індеттен амандығы да аса маңызды. Соның ішінде, соңғы жылдары жиі тіркеліп, алаңдаушылық тудырып отырған қауіпті аурудың бірі – бруцеллез. Осы тақырып аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Иманбаев Дархан Серікқалиұлымен арнайы сұқбаттасқан едік. Маман бруцеллез індетінің пайда болу тарихынан бастап, таралу жолдары, сақтану шаралары мен өтемақы төлеу тәртібіне дейін кеңінен тоқталды.

Бруцеллез: шығу тарихы және таралу жолдары…

– Бруцеллез алғашында «Мальта безгегі», «Банга індеті» деген атаумен танылған. Ол адам мен жануарларға ортақ созылмалы жұқпалы ауру. 1887 жылы ағылшын ғалымы, микробиолог Давид Брюс бұл індеттің қоздырғышын алғаш рет анықтап, ғылымға «Brucella» деген атау енгізді. Осыдан кейін ауру «бруцеллез» деп атала бастады. Қазақстанда бруцеллез алғаш рет 1930 жылдары Петропавл, Щучинск аудандары мен Семей облысындағы шаруашылықтарда тіркелген. Қазіргі таңда бұл ауру елімізде ғана емес, дүниежүзінің көптеген елінде кең таралған. Ветеринария саласының 2017 жылғы зерттеулері бойынша, бруцеллезбен ауыру көрсеткіші жағынан Қазақстан Испания мен Қырғызстаннан кейінгі үшінші орынды иеленіп отыр. Бұл – өте алаңдатарлық көрсеткіш.

Қауіпті індет қалай жұғады?

– Бруцеллез індеті көбінесе малдан адамға жұғады. Атап айтқанда, індеттің қоздырғышы шикі немесе жартылай термиялық өңдеуден өткен ет-сүт өнімдері, жүн, тері, түбіт, тіпті төлден бөлінетін шарана мен шу арқылы адамға өтеді. Қоздырғыштар әсіресе буаз мал іш тастағанда көптеп сыртқы ортаға тарайды. Осы сәтте жайылым, қора, құрал-сайман, суаттар ластанып, індеттің таралу қаупі күрт артады. Бруцеллез әр түлікте әртүрлі білінгенімен, барлығына ортақ белгі – іш тастау. Мысалы: сиыр мен ешкіде – желін ісініп, 5-7 айлық буаз мал іш тастайды. Шошқада – жыныс бездері ісіп, буындар шодырайып, арықтап кетеді, жылқыда – іш тастау байқалмайды, бірақ буын, желке, жон еттері қабынып, ақсайды. Ал түйеде – 6-7 айлық буаз інген іш тастайды. Бруцеллез адамға өте қауіпті, әсіресе ұрпақсыздыққа, буын ауруларына, мүгедектікке дейін апарып соғуы мүмкін. Аурудың таралу себептері: немқұрайдылықтың салдары. Эпизоотиялық ошақтарда жүргізілген зерттеулер аурудың таралуына басты себеп – мал иелерінің жауапсыздығы екенін көрсетеді. Мысалы сырттан мал әкелгенде ветеринар мамандарға хабарламау, ауруы анықталған малдың төлін союға жібермей, шаруашылықта қалдыру, қора-жайды дезинфекцияламау, ауру малдан туған төлдің шуын итке тастау, қан сынамаларына сенімсіздік танытып, зерттеуден бас тарту. Осының бәрі бруцеллездің ел ішіне кең таралуына әкеп соғады. Бір ғана ауру сиырдан алынған бұзаулардың 74,4%-ы шаруашылықта қалып қойса, олардың 13,4%-ы жыныстық жасқа жеткенде бруцеллезге оң нәтиже береді.

Қалай сақтануға болады?

– Сақтық – сауаттылықтың белгісі. Бруцеллездің алдын алудың басты жолдары: ауру малды дереу оқшаулап, 15 күн ішінде арнайы ет комбинатына өткізу керек, қора-жай мен жайылымды міндетті түрде дезинфекциялау, барлық малға, соның ішінде ит, мысыққа дейін зерттеу жүргізу, ауру белгілері байқалмаса да, жоспарлы қан сынамаларын алу (сиыр – 2 рет, бұқа – 4 рет, қой-ешкі – 2 рет), сау малды ауру малмен бірге жайылымға шығармау шарт, ауру малдан туған төлді үйге кіргізбеу, әсіресе балаларға жақындатпау керек. Бруцеллезге шалдыққан малды сою және өтемақы мәселесіне келсек, мал иесінің зардап шекпеуі үшін ҚР АШМ бекіткен №7-1/587 бұйрық және №7-1/559 бұйрық бойынша өтемақы төлеу тәртібі нақты белгіленген. Егер ауру мал ет өңдеуші кәсіпорынға өткізілсе, иесіне орташа айлық нарықтық құнының 30%-ы жергілікті бюджеттен, 70%-ы өңдеуші кәсіпорын тарапынан төленеді. Ал ауру малды нарыққа шығарса немесе өздігінен сойса, ешқандай өтемақы төленбейді. Барлық үдеріс ветеринариялық акті мен ресми құжаттар негізінде жүргізіледі. Бруцеллез – жай ғана ауру емес, қауіп-қатердің көзі. Оның алдын алу – тек ветеринар мамандардың емес, әрбір мал иесінің азаматтық парызы. Сақтық шараларын уақтылы жүргізіп, мамандардың кеңесіне құлақ асып, заң талаптарын орындау арқылы ғана бұл індетті ауыздықтауға болады. «Сақтансаң – сақтаймын» дейді дана халқымыз. Ендеше, өзімізді де, малымызды да, ұрпағымызды да індеттен аман сақтау – өз қолымызда.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»