Бруцеллез қаупі

Қарағанды облысының 9 ауылында ірі қарадан бурцеллез анықталды. Осыған байланысты 5 ауданда санитарлық шектеу жарияланды. Ветеринарлар малдардан жаппай сынама алу үстінде.

Бруцеллез адамға да жұғуы мүмкін деген күдікпен жергілікті медицина қызметкерлері қазір мал иелерінің денсаулығын тексеруде. Шектеулер Шет, Қарқаралы, Нұра және Абай аудандарында жарияланған болатын. Бұл тізімге енді Осакаровка ауданы да қосылды. Зертхана мамандары ірі қараны сойып, патологиялық сынама алған. Қорытындысында індет расталды. Барлығы 18 сиыр сойылды. Қазір елді мекендерде мал еті мен сүтін саудалауға, ауылдан шығаруға тыйым салынды.

Бруцеллез адамға ауру малдың еті мен сүтін тұтыну арқылы жұғады. Сондықтан шаруалар мен жергілікті тұрғындар ақ өнімдерін тек пісіріп қана пайдалануы тиіс.

Өңдеуге өткізгендегі сомадан бөлек, мал құнының 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Ал ауыл жұртына ветеринарлар сақтық ережелерін қатаң ескеру керегін ескертеді. Аудандардың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларының ұсынысымен ошақтар аумағы бақылауға алынды. 23 мамырдан бастап бруцеллезге қатысты шектеу іс-шаралары белгіленген.

– Қарағанды облысындағы 5 ауданның 9 елді мекенінен (Абай ауданының Құрма ауылдық округі, Қарқаралы ауданының Мартбек Мамыраев ауылдық округі, Темірші ауылдық округі, Нұра ауданының Тассуат ауылдық округі, Көктіңкөлі ауылдық округі, Шет ауданының Нұраталды, Шет, Босаға ауылдары, Осакаровка ауданының Батпақ ауылы) ауру жануарлар анықталды. Барлығы – 18 бас ірі қара. Бруцеллезге қатысты шектеу іс-шаралары барлық ірі қара мал басына қатарынан теріс екі ПТР нәтиже алғанға дейін және жануарлардың басқа түрлерінде теріс ПТР нәтижелер алынғанға дейін, сондай-ақ қорытынды дезинфекция сапасының нәтижелеріне сәйкес жүргізіледі. Дертке шалдыққан малдың еті тұтынушыларға жетпейді. Барлығы бақылауда, – дейді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»