Бозкілемдегі айқас

Қарағанды қаласы алғаш рет 20112012 жылдары туған жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионатын қабылдап отыр. Ел біріншілігіне 17 облыстан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген жас балуандар қатысуда. Жалпы саны 800-ден астам спортшы тіркелген. Әр салмақ дәрежесінде өңірлерден 40-тан астам қатысушыға дейін бақ сынауға мүмкіндік бар.

Алаң иелері де бұл жарыста айрықша құраммен өнер көрсетуде. Қарағанды облысының намысын бірден үш команда қорғайды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар жасөспірімдер арасындағы ұлттық құрама сапына қабылданады. Мұндай ірі доданы өткізу жергілікті спортшылар үшін де үлкен мүмкіндік. Қосымша құрам арқылы өз шеберліктерін дәлелдеуге жол ашылып отыр.

Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты «Жас сұңқар» мекемесінің басшысы Алмас Мұхтаров бұл жас санатында нәтижені алдын ала болжау қиын екенін айтады.

– Жасөспірімдер арасында тұрақтылық әлі толық қалыптаспаған. Кейде фаворит саналған спортшылар алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып жатады. Мәселен, 38 келіге дейінгі салмақта көшбасшылардың бірі бастапқы белдесулерде жеңіліс тапты. Сондықтан кез келген қатысушы жеңіске жете алады. Дегенмен біз жақсы нәтиже күтеміз, – деді ол.

Жарысқа қатысушылардың бірі теміртаулық Роман Гуденок. Ол дзюдомен жеті жылға жуық уақыт айналысып келеді. Бастапқыда гимнастикаға қызыққанымен, кейін жекпе-жек спортына бет бұрған. Жуырда өткен облыстық турнирде өз салмағында топ жарған спортшы енді осы жетістігін республикалық деңгейде қайталауды көздейді.

– Маған дзюдодағы әдіс-тәсілдер, әсіресе лақтырулар ұнайды. Қарсыластарымды бақыладым, барлығы да мықты. Бірақ мен әр белдесуде жеңіске жетіп, чемпион болуды мақсат етіп отырмын, – деді ол.

Теміртаудағы Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резерв мектеп-интернаты жаттықтырушысы Андрей Гуденок мұндай жарыстардың маңызы зор екенін атап өтті.

– Көпшілік үшін бұл алғашқы үлкен дода. 14-15 жас аралығы ұлттық құраманың негізгі резерві саналады. Біз жас спортшыларды шыңдап, болашақта жоғары деңгейге шығуына жағдай жасай береміз, – деді ол.

Бүгінде дзюдо Қарағанды облысында кең таралған спорт түрлерінің біріне айналған. Қазір бұл спортпен үш мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Аймақта дзюдоға деген қызығушылықтың артуына Елдос Сметовтің 2024 жылғы Париж Олимпиадасы кезінде жеңіп алған алтын медалі де ықпал етті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»