Ботулизм ауруы және оның алдын алу жолдары

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, баршамыз жаз бен күзде тұрмыстық жағдайда көкөністерден, жеміс-жидектерден салаттар, тұздықтар жасап, оларды күз, қыс мезгілдерінде отбасыларымыз бен қонақтарымызға ұсынамыз. Алайда үй жағдайында дұрыс дайындалмаған мұндай тағамдардан ботулизм ауруы болуы мүмкін екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Ботулизм – адамнан адамға берілмейтін және адам ағзасына бактериялардың қалдықтарын (ботулинум токсині) енгізу нәтижесінде дамитын ауыр өткір токсикалық-инфекциялық ауру. Ботулинум токсині – ең күшті табиғи удың бірі.

Ботулизм ауруы жайлы толығырақ білу үшін Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Юрий Залыгинмен сұқбаттасқан едік.

      – Юрий Леонидович, ботулинум токсині жайлы толығырақ ақпарат беріп, оның түрлеріне тоқтала кетсеңіз?

       – Бұл аурудың тағамдық ботулизм деген түрі де бар, ол салыстырмалы түрде сирек кездесетін ауру, бірақ ағымы ауыр және өлімге әкелуі мүмкін. Үйде консервіленген тамақ өнімдері, сондай-ақ ашыту нәтижесінде пайда болатын тағамдар оны тудыруы мүмкін. Осы ретте, балықтан төнетін қауіп жоғары. Бұл тағамның барлығында ботулинум микробтары немесе токсиндер болуы мүмкін. Ботулизм қоздырғыштары топырақ, көң, жемістер мен көкөністер, балық, мал азығында және тіпті жылы қанды жануарлардың нәжісінде кездеседі.

      – Ботулизмнің негізгі белгілері мен инкубациялық кезеңі жайлы айтып берсеңіз?

      – Ботулизмнің инкубациялық кезеңі аурудың ауырлығына, адам ағзасына түскен токсиннің мөлшеріне байланысты бірнеше сағаттан 5 күнге дейін. Ауру күрт басталады: алғашқы 2-3 сағатта – әлсіздік, жалпы әлсіреу, бұлшықет әлсіздігі, шамалы бас ауруы, жеңіл бас айналу сезіледі. Одан кейін ауыздың құрғауы, шөлдеу байқалады. Кейбіреулер аурудың алғашқы 2-3 күнінде іштің ауырсынуын сезінеді. Ерте және өте жиі кездесетін симптом – аурудың алғашқы 2 күнінде құсу. Дене қызуы әдетте қалыпты болып қалады немесе бірнеше күн бойы 37,7-38°С аралығында болады. Тағы бір тән симптом – аурудың клиникалық көріністері кезінде іш қату. Бастапқы кезеңдердегі ботулизмнің белгілері: жүрек айнуы; іштің қатты ауырсынуымен бірге жүретін құсу, диарея, метеоризм, асқазанда толықтық сезімі, іш қату. Екінші күні орталық жүйке жүйесінің зақымдануы пайда болады, ол: бас ауруы; көздің көру қабілетінің бұзылуы тұман және көздің торлану сезімі, (қосарланған көру медициналық терминологияда диплопия деп аталады және қабақтың бір немесе екі жақты түсуімен көрінеді); ұйқысыздық; бас айналу; жалпы әлсіздік сияқты белгілер де қосылады. Ең маңызды белгі – тыныс алудың бұзылуы науқас кеудесінде ауа жетіспейді және ауырлықты сезінеді. Бұл токсиннің тыныс алу бұлшықеттеріне параличтік әсеріне байланысты, егер шұғыл медициналық көмек болмаса, өлімге әкеледі.

Бұл ауру қалай немесе неден жұғуы мүмкін?

– Ботулизм токсиндері бар консервіленген тамақ өнімдерін (көкөніс тұздықтары (саңырауқұлақтар, баклажандар және т.б.), ысталған немесе кептірілген балықты, ет және шұжық өнімдерін) жеген кез келген адам жұқтыру қаупіне ие. Консервіленген тағамдарда ботулинум токсиндері бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін. Олар ас қорыту жолдарының ферменттерімен жойылмайды, қышқыл ортада төзімді, ас тұзының жоғары концентрациясына оңай төтеп береді. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінде ботулинум токсинінің болуы олардың дәміне және сыртқы түріне әсер етпейтінін білу керек. Ботулизм жағдайлары негізінен үйде дайындалған консервілермен уланумен байланысты. Сондықтан алдын алу шаралары ең алдымен осы салаға қатысты.

Облысымызда соңғы жылдары ботулизм ауруына шалдыққандар тіркелді ме?

– Соңғы 2 жылда Қарағанды облысы бойынша ботулизммен сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл ретте, 2016 жылдан бастап кезеңділікпен әр 2 жыл сайын Қарағанды облысының аумағында ботулизммен сырқаттану жағдайлары тіркелгенін атап өткен жөн. 2016 жылы – 3 жағдай (Сәтбаев және Теміртау қалаларында), 2018 жылы (Қарағанды қ.), 2021 жылы (Балқаш қ.) 1 жағдайдан болды, барлық жерде үйде дайындалған консервіленген өнімдерді (саңырауқұлақтар, баклажандар) тұтынумен байланысты болған. Осы орайда оқырмандарға айтарым, егер сіз ботулизмнің кем дегенде бір симптомын байқасаңыз, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінуге шақырамын. Дәрігерді күту кезінде денеден улы заттарды шығаруға кеңес беремін: яғни науқастың асқазанын шаю қажет. Бұл жағдайда уақтылы көмек аурудың жақсы нәтижесімен тікелей байланысты. Адам дәрігерлерге неғұрлым тезірек жүгінсе, диагноз тезірек анықталып, нақты емдеу жүргізіледі.

    – Сұқбатыңызға рахмет! Оқырмандарымызға сіз берген ақпарат пайдалы болып, олар енді сіз атап өткен ережелерді ескерер деген үміттеміз.

Сөз соңында Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері үйде консервілерді жасау кезінде қатаң сақталуы тиіс ережелерге тоқталды.

      Ендеше біле жүріңіздер, үйде консервілерді жасау кезінде төмендегі ережелерді сақтау қажет:

* үйде консервіленген тағамдарды дайындауда негіз болатын өнімдер шаң мен кірден мұқият тазалануы керек. Топырақ бөлшектерін щеткамен тазалап алып тастау керек;

* ұзақ уақыт бойы жатқан, пісіп кеткен, бүлінген көкөністерді, жемістерді, жидектер мен саңырауқұлақтарды консервілеуге болмайды;

* үйде консервілеуден бас тартуға кеңес беретін өнімдер бар. Бұл ет, балық, саңырауқұлақтар және көк шөптер. Саңырауқұлақтар әсіресе қауіпті, статистикаға сәйкес, ботулизмнің барлық жағдайдың шамамен 70%-ын құрайды;

  • ауланғаннан кейін балықты тез ішектерінен тазалап, ағынды сумен шайып, суық жағдайда сақтау керек;

* банкаларды, қақпақтарды зарарсыздандыру ережелерін және үйде өнімдерді термиялық өңдеу режимін қатаң сақтау керек;

* бомбажды (ісінген) банкаларды жою міндетті;

* консервілерді жемес бұрын оларды қайнатып, тағамдар мен консервілерді қуырған дұрыс (осы уақыт ішінде ботулизм токсині ыдырайды). Бұл ботулизмнің, басқа ішек ауруларының және тамақтан уланудың алдын алудың негізгі шарасы және әсіресе ботулинум токсиніне сезімтал балалар үшін өте маңызды;

* саңырауқұлақтарды тұздауды герметикалық жабық банкаларда жасауға болмайды, тұзды ерітіндіге өсімдік майын қосуға болмайды, өйткені бұл оттегісіз орта жасайды және ботулизм бактериясының көбеюіне және  тығыз оралған саңырауқұлақтары бар контейнерлерде токсиннің жиналуына ықпал етуі мүмкін;

* үйде консервіленген өнімдерді (көкөніс, балық, саңырауқұлақ), кептірілген, тұздалған, ысталған ет, балық өнімдерін, кездейсоқ адамдардан (қолдан), рұқсат етілмеген сауда орындарынан, жеке тұлғалардан (оның ішінде интернет арқылы) сатып алудан бас тартыңыз. Бұл өте қауіпті болуы мүмкін.

    Үйде консервіленген өнімдерді төмен температурада, тоңазытқышта немесе суық жерде сақтау керек, өйткені ыстық ауа-райының ботулинум микробтарының, токсиндердің өсуі мен дамуына және тамақтан улану ауруының пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Ботулизмнің ең жақсы алдын-алу жолы – тек өнеркәсіптік консервілерді қолдану. Құрметті оқырман, жоғарыда айтылған ережелерді есте сақтап, сақ болыңыздар! Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғай аласыз!

 

 Сұқбаттасқан: Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»