Болашақ мамандыққа бағыт – өндірістен басталады
Қарағанды облысында жасөспірімдерді кәсіптік бағдарлау және өндірістік саламен таныстыру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара аясында оқушылар Сарыарқа арнайы экономикалық аймағында орналасқан үш ірі кәсіпорынның жұмысын көзбен көріп, өндіріс процесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ кәсіби бағытын дұрыс таңдауға жол ашады.
Оқушыларға ерте жастан мамандық әлемін таныстырып, еңбекке деген қызығушылықты арттыру – білім берудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Бұқар жырау ауданының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек-мектебі мен Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 20 оқушысы өндірістік орындарға танымдық экскурсия жасады. Олар ең алдымен “Изоплюс Орталық Азия” зауытына барып, құбыр өндірісінің заманауи процесін өз көздерімен көрді. Кейін “QaPlast” кәсіпорнында пластмасса бұйымдарының қалай жасалатынына қанығып, технологиялық желілердің жұмысымен танысты. Ал “Полиме Солюшен” зауытында резеңке-техникалық өнімдердің дайындалу жолын бақылап, өндірістік ортаның тыныс-тіршілігімен етене танысты. Осындай экскурсиялар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына оң әсер етіп қана қоймай, өндірістің нақты шарттары мен заманауи технологиялар туралы түсінігін кеңейтеді.
— Мұндай экскурсиялар – өте пайдалы іс. Себебі балалар өз көздерімен көріп, зауытта да жұмыс істеуге болатынын түсінеді. Біздің зауытта, мысалы, тұрақтылық бар, әрі мансаптық өсуге мүмкіндік те бар. Егер балалар қызығушылық танытса, біз де өз тарапымыздан ерекше ынта білдіреміз. Өз тарапымыздан бәрін көрсетеміз, түсіндіреміз, бейімделуге, үйренуге уақыт береміз, — деді «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС бас директорының орынбасары Руслан Алимов.
Мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдар беру – оқушылардың саналы таңдау жасап, болашақ мамандығын дұрыс айқындауына үлкен мүмкіндік. Мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған өндірістік экскурсия осындай маңызды мақсатты көздеді. Жасөспірімдер өндіріс орнын аралап, зауыт ішіндегі еңбек тәртібімен, технологиялық процестермен, сондай-ақ әр саланың мамандары атқаратын нақты жұмыстармен танысты. Оларға заманауи техниканың қалай жұмыс істейтіні, түрлі өнімнің қандай кезеңдерден өтетіні көрсетілді. Маман иелеріне еркін сұрақ қойып, жұмыс барысы туралы нақты мәлімет алды. Бұл – тек экскурсия емес, оқушылардың еңбек ортасын көзбен көріп, өз болашағын бағамдауына жасалған маңызды қадам, – дейді ұйымдастырушылар. Осындай тәжірибе жастардың кәсіби бағдарын нақтылап, өз қызығушылықтарына сай бағыт таңдауына сеп болмақ.
— 2025 жылы мемлекетіміздің басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің жарлығымен жұмысшы мамандық жылы болғаны белгілі. Сол мақсатпен бүгін біз жастарды, оқушыларды, еріктілер және де тағы да көптеген жастар осы экономикалық аймақ Сарыарқаға келіп жұмысшы мамандығының қыр-сырларын қиыншылықтарын, қызықты жақтарын жастарға насихаттау, көрсету мақсатында бүгін осы жерге келіп отырмыз, — дейді Бұқар жырау аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейірлан Нұрланұлы.
Экскурсия кәсіпорындар мен мектептер арасындағы байланыс негізінде өтті. Ұйымдастырушылар осындай кездесулерді жиі өткізіп, оқушылардың кәсіпке бейімделуіне жол ашуды көздеп отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»