Болашақ бокс жұлдыздарына кубалық шеберден сабақ

Нұркен Әбдіров атындағы спорт кешенінде жас боксшылар үшін есте қаларлық ерекше шара өтті. Әлемге танымал кубалық боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы және тәжірибелі жаттықтырушы Марио Кинделан Қарағандыға арнайы келіп, болашақ спорт шеберлеріне шеберлік сабағын өткізді. Шара жас спортшыларға шабыт сыйлап, кәсіби даму жолында тың серпін берді.

Өңірдегі жас спортшылар үшін ерекше мүмкіндік туды – олар кәсіби ринг шеберінен тәжірибе жинақтап, шеберлік шыңдауға бағытталған игі шараға қатысты. Спорт қауымдастығы бұл кездесуді тек жаттығу емес, нағыз тәжірибе алмасу алаңы ретінде бағалап отыр.

– Қарағандыда ғана емес, облыстың аудандарындада көптеген кездесулер ұйымдастырылып келеді. Біз бұл жұмыстардың нәтижелі болатынына сенімдіміз, өйткені осындай шаралар жас ұрпаққа үлкен серпін береді. Әсіресе, Марионың қатысуы балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың спортпен тұрақты айналысуына түрткі болады деп ойлаймыз, – деді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.

Игі шара аясында өткен жаттығу барысында аты аңызға айналған былғары қолғап шебері жас спортшылармен өз тәжірибесін бөлісіп, техникалық шеберлікті шыңдауға бағытталған кеңестерімен бөлісті. Ол әсіресе рингтегі аяқ жұмысы, дәл соққы жасау және қорғаныс тәсілдеріне ерекше назар аударды. Қарағандыға алғаш рет келген танымал спортшы жергілікті боксшылардың дайындығына жоғары баға беріп, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

– Мен Қарағандыға келгеніме өте қуаныштымын және бұл мен үшін үлкен мақтаныш, өзімді күшті әрі сенімді сезінудемін. Бүгінгі мастер-класс өте сәтті өтті, маған шын мәнінде ұнады. Бұл сабақ арқылы соққының күшін арттыруға және техниканы жетілдіруге бағытталған жаттығуларды өткіздім. Сонымен қатар, маған тарту еткен сый-сияпаттар ерекше қуаныш сыйлады, бұл керемет әсер қалдырды, – дейді екі дүркін олимпиада чемпионы Марио Кинделлан.

Жас спортшылар үшін өткен шеберлік сағаты ерекше әсерге толы болды: екі дүркін олимпиада чемпионының тәжірибесі мен кеңестері олардың спортқа деген ынтасын одан әрі арттырды.

– Бұл мен үшін керемет тәжірибе болды, көптеген жаңа адамдармен танысып, жаңа әсерлерге ие болдым. Маған бәрі өте ұнады, әсіресе бүгінгі мастер-класс барысында соққы қою техникасы мен бокс өнерінің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алдым, – деп әсерімен бөлісті шараға қатысушы Виталий Морозов.

Қарағандыда ұйымдастырылған шара жас боксшыларға зор ынта мен шабыт сыйлап, спорттағы жаңа белестерге жетуге дем берді. Ұйымдастырушылар мұндай пайдалы бастамалардың алдағы уақытта да үздіксіз жалғасатынын жеткізуде.

 

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»