Бокстан халықаралық турнир өтті
Қарағандыда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті.
Оның ашылу салтанатына 1986 жылғы Еуропаның ең үздік футболшысы Игорь Беланов, бокстан әлем чемпиондары Валерий Рачков пен Георгий Канделаки, хоккейден Еуропа чемпионы, Стэнли Кубогінің екі дүркін жеңімпазы Сергей Немчинов және әйгілі кинорежиссер Олег Степченко мен Серік Сәпиев туралы «Боксшы» фильмін түсірген қазақстандық режиссер Ақан Сатаев қатысты. Мәртебелі меймандардың қатарында кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлемнің аболютті чемпионы кіші Рой Джонс та бар. Тек рингте емес, саханада да өнер көрсетіп жүрген америкалық суперчемпион бұл жолы да рэп оқып жұртты таң қалдырды. Айта кету керек, спорт жұлдызы Қарағандыға осымен үшінші рет келіп отыр. Ол жас спортшылармен естелік фотосуретке түсіп, қолтаңбасын берді. Құрметті қонақтар кезекпен рингке көтеріліп, құттықтау тілектерін жеткізді.
Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнир осымен 37- рет ұйымдастырылып отыр. Індеттің кесірінен соңғы екі жыл өткізілмей қалған. Талай боксшының томағасын сыпырған байрақты бәсекеге бұл жолы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Қазақстан елдерінен 110 спортшы қатысты. Ал Моңғолия боксшылары пандемияға байланысты келе алмады. Турнир талабы бойынша жарысқа 18 жастан асқан сайыпқырандар шығып, 12 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасты. Сондай-ақ әйелдер де 6 салмақ дәрежесінде тартысты. Қарағанды облысынан 34 боксшы қатысты. Бес күнге ұласқан турнирде жерлестеріміздің бағы жанып, 9 бірдей салмақ дәрежесінде чемпион болды. Олар: әйелдер арасында Гүлнар Тұрапбай (50 сд), Айжан Ходжабекова (63 сд), Жасмин Қизатова (70 сд), Виолетта Князева (75 сд), ал ерлер арасында Ақжол Гүлмұрат (48 сд), Бекжан Әбубәкір (51 сд), Саид Муратов (54 сд), Келдібек Қабыкен (67 сд), Алтынбек Ибрагимов (75 сд). Ал аса ауыр салмақта алматылық Төлеген Дәуреннен асатын ешкім болмады. Ресей, Қырғызстан, Тәжікстанның да боксшылары 66, 71, 80 кг салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай жүлде тапсырылды. Сондай-ақ үздіктерге спорт шебері деген атақ берілді.
– Жалпы, әлемдік спорт аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатқан Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділдаев, Василий Жиров, Аркадий Топаев, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев сынды чемпиондар кезінде дәл осы турнирде жеңімпаз болған. Сондықтан жас спортшылар үшін бұл жарыста бақ сынау – үлкен мәртебе, – дейді ұйымдастырушылар.
Асыл АЙБЕК,
QH.