БІЗГЕ БІР СЕНБІЛІК АЗДЫҚ ЕТЕДІ

Көктем – кеншілер астанасының тазалығына қатысты біраз кемшілікті әшкере етер мерзім. Жылдағыдай күн жылынған бетте жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған қоқыстар қала көркін қашырды. Жұрт болып жұмылып, қалада санитарлық тазалық айлығы басталды. Сенбілік жұмыстары карантин талаптарына сай, санитарлық дәрігерлердің нұсқаулығын ескерген ережеде өтті.

Қ а р а ғ а н д ы қаласы әкімінің т а п с ы р м а с ы н орындау аясында, қала аумағында және елді мекендерде абаттандыру ережелерін сақтау мақсатында ағымдағы жылдың 6 сәуірінен бастап 16 сәуірі аралығында жергілікті орындаушы органдар, волонтерлер, төтенше жағдайлар басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің қатысуымен Қарағанды қаласының аумағында «Абаттандыру» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара өткізу барысында қалалық учаскелік инспекторлары әкімдік қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық ұйымдар мен кіші нысандар, сондай-ақ тұрғынүйлер жеке секторлар аумағындағы қоқыстарға тексеріс жүргізді.
«Абаттандыру» жедел профилактикасы шарасының алты күні ішінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 505-бабына сәйкес 480заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде кіші кәсіпкерлік нысандарына қатысты 16 факт анықталып, 1137630 теңге көлемінде айыппұл салынса, орта кәсіпкерлік нысандарына қатысты 2 факт анықталып, 291700 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға қатысты 462 факт анықталып, барлығына ескерту жасалды.
Бұл онкүндіктен бөлек 17 сәуірде жалпы қалалық сенбілік өтті. Сенбілікке жүздеген ұйым, ПИК және тұрғындар қатысты. Алғашқы сенбіліктің өзінде қала аумағынан 2 мың текше қоқыс тазартылды.
Мысалға, Октябрь ауданында 53 өзін-өзі басқару органдары, 47 бюджеттік ұйым, 2 мың тұрғын, шағын және орта бизнестен 100 ұйым ат салысты. Аудан әкімдіктері тұрғындар жинаған қоқыстарды шығару жұмыстарын ұйымдастыруға міндеттелді. Сенбілікке қала тұрғындары білек сыбана қатысты. Оның дәлелі – әр ауладан
жиналған қап-қап қоқыс. Алайда, сол қоқыс толы қаптардың дер кезінде әкетілмеуі жұмыстың жүйесіздігін аңғартты. Кеншілер даңғылындағы 70, 74-үй тұрғындары: «Біз сенбілікті елден бұрын бастадық, бұл туралы Қазыбек би әкімін хабардар еттік», — дейді. Бірақ жиылған қоқыс дер шағында алынбай, желмен қайта шашылған. Дәл осы тәріздес жағдай Майқұдықтың 18-мөлтек ауданында да орын алған. «Ол жерде сенбілік жасалған аумақтың сұрқын маңы еш жиналмайтын қоқыс контейнері құртып тұр» дейді 18-мөлтек аудандағы №14 үй жұртшылығы.
Қалада қап-қап қоқыс жиналып, демалыс күндері әкетілмей жатқанда Қарағанды іргесіндегі Доскей ауылында қоқыс полигоны апталап жанды. Бықсыған қалдық иісі ауыл тұрғындары былай тұрсын, Майқұдық жұртының тынысын тарылтты. Желмен жеткен өрт иісі, бықсыған ауқымды полигон турасында желіде дәйекті фотосурет жиі тарады. Осыдан кейін экология департаментінің өкілдері полигон қожайынын тауып, оған олқылықты оңалтуға екі ай уақыт берді. Ал, оған дейін шарасыз ауыл тұрғындары аудандық әкімдік, өрт сөндіру қызметі сынды жауапты органдарға өздері хабарласып, түтіннен құтылудың тірлігін жасауда.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ