Бірыңғай жиынтық төлем жаңалығы

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем болмайды. Осыған дейін бұл төлем салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, түрлі қызмет көрсетіп табыс тапқан және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарға ыңғайлы болды. БЖТ небәрі 1700-ден 3,5 мың теңгеге дейін мөлшерде ғана болып, зейнетақы, медициналық сақтандыру және өзге де салықтардың орнын алмастырған болатын. Енді бірыңғай жиынтық төлем дегеніміздің не екеніне оралсақ.

2019 жылдан бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді, ол салық органдарында формалды емес жұмыспен қамтылғандар қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздеген еді.

Ол – төлемнің міндетті төрт түрін біріктірген:

  • Жеке табыс салығы (ЖТС);
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
  • БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері;
  • Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

Бірақ бұл жүйе келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын тоқтатады. Бұл жаңа Әлеуметтік кодекстен туындап отыр. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев түсіндіріп өтті.

– Жаңа Салық кодексі қаралуда. Біз жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлердің қызметіне байланысты көптеген жайтты жеңілдету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – негізгі ұстанымымыз. Осы бағытта жұмыс істейміз. Мұның барлығы кәсіпкерлердің әр түрлі декларация тапсырып, нысандарды толтыруы және т.б. тұрғысынан жұмыс істеуі мүмкіндігінше оңай болуы үшін қажет.

БЖТ такси қызметіндегілер, үй күтушісі, тәрбиешілер, фрилансерлер, бақша салып, жеке қосалқы шаруашылығында өндірген азын-аулақ өнімін саудалайтындарға және жалға пәтер берушілер, бір сөзбен айтқанда, өз-өзіне жұмыс істеп нәпақа тауып жүргендерге арналған. Бұл ретте БЖТ төлеуші мәртебесін иелену үшін жеке тұлғаның табыс мөлшері жылына 1 175 АЕК-тен аспауға тиіс. Аталған төлем жүйесінің күшін жою қазірден ел тұрғындарын алаңдатуда. Салық комитеті БЖТ-ның тек 5 жылға ғана енгізілгенін ескертеді.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру және кәсіпкерлік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлованың айтуынша, осыдан кейін біз жалпыға бірдей декларация жүйесіне көшеміз, өйткені жеке тұлғалар өз кірістерін декларацияда көрсетуі керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қандай шара қабылданатыны әлі талқыланатын шығар. Дегенмен елімізде платформалық жұмыспен қамтуды пайдалану жөнінде пилоттық жоба жүріп жатыр. Ал 1 қаңтардан кейін БЖТ төлеп келгендер не істеуі керек, оларды қандай салықтық шара күтіп тұр? Бұл сауалға үкіметтің де, салық органдарының да әзірге айтар жауабы әзір емес.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»