Бірлік пен татулық жолындағы 30 жыл
Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған жыл бойғы шаралардың қорытындысы шығарылды. Ауқымды шараға өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысы бар белсенділер қатысты.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің төрағалығымен өткен жиында 2025 жыл мазмұнды әрі нәтижелі болғаны атап өтілді. Жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді бастамаларға, сондай-ақ ҚХА-ның мерейтойына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шараларға бай болды.
Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов Ұлы Отан соғысына арналған шаралар мен ардагерлерге көрсетілген нақты қолдауға тоқталды. Сонымен қатар, «Аналар кеңесі» сияқты белсенді құрылымдар биыл 200-ге жуық шара өткізді. Солардың ішінде «Салауатты сана», «Мәдениетті ана», «Мәдениетті ұлт» жобалары мен «Нашақорлық тұрақтылыққа төнген қатер» республикалық семинары ерекше орын алды.
Жыл бойы Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында 113 қайырымдылық шарасы өткізіліп, 88 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. ЖОО-ларда ҚХА кафедралары жұмыс істеп, Жас ғалымдар клубы құрылып, ғылыми еңбектер жинағы жарияланды. Қарағанды облысының ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі Велен Молотов-Лучанский зерттеу жобалары мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымдылығын атап өтті.
«Қоғамдық келісім» мекемесі республикалық рейтингте көшбасшылық орнын сақтап, жанында жаңартылған музей мен «Шебер», «Ісмер» қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктердің бес шығармашылық ұжымы «Халықтық» атағын иеленді. Ал «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі алғаш рет төраға орынбасарын шығарып, жастар саясатының ұлттық деңгейдегі бағыттарын қалыптастыруға үлес қосты.
Облыстық ассамблея этностық ерекшеліктерге қарамастан барша қазақстандықтар арасында түсіністік пен татулықты дәріптейтін жұмыстар атқаруда. «ЕЛДЕСУ ЖӘНЕ ТАТУЛАСУ» жобасы аясында 2025 жылы 40-тан астам шара өткізілген. Сонымен қатар, ҚХА Медиация кеңесі этномәдени бірлестіктер арасындағы экстремизм көріністерінің алдын алу бойынша халықаралық консорциум жұмысына қатысып келеді.
Жыл сайынғы әлеуметтік зерттеулер Қарағанды облысында этностық белгілерге байланысты құқық бұзушылық сирек, ал қоғамдағы төзімділік деңгейі шамамен 94%-ға жететінін көрсетті. Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов әр азамат өз деңгейінде маңызды жұмыс жүргізіп жатқанын атап, патриотизм мен бейбітшілікті нығайту арқылы өңірдің дамуына септесетінін жеткізді.
Жиын марапаттау рәсімімен аяқталып, облыстағы этномәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қарағанды облысы әкімінің алғысхаттары мен төс белгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, «Вайнах» чечен-ингуш этномәдени ансамблі Астанада өткен екі халықаралық байқауда жоғары нәтижеге жеткені үшін құттықталды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

