Бірлік пен келісім жолында
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Басқосуда этносаралық келісімді нығайту, ҚХА-ның 30 жылдығы аясында өткізілетін шаралар және алдағы сессияға дайындық мәселелері сөз болды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ассамблеяның ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімді сақтау жолындағы ерекше рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ҚХА – ел ішіндегі бейбіт өмірдің, бірлік пен татулықтың сенімді кепілі.
«Бұл – біздің басты құндылығымыз. Қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кеңейтілген отырыс аясында ҚХА-ның 30 жылдығына арналған өңірлік жобалар таныстырылып, этномәдени бірлестіктердің белсенді қоғамдық бастамалары талқыланды. Жиналғандар Ассамблеяның қоғамдағы рөлін арттыру, ұлттар арасындағы достық пен сыйластықты нығайту жолындағы жоспарларымен бөлісті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өкілінің айтуынша, қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстар жалғаса бермек:
«Бүгін Қарағандыда бастау алған бұл жұмыс – еліміздегі ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын ілгерілетудің бір көрінісі», – деді Арслан Манғышев.
Отырыста сондай-ақ әлеуметтік жобалар мен еріктілік қозғалыстары, соның ішінде жастар мен әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру, қайырымдылық бастамалар мен патриоттық шаралар да сөз болды. Келесі жылы атап өтілетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық аясында бірқатар ұсыныстар жасалды.
«Біздің бастамаларымыз халыққа жақын болуы керек. Ашық диалог пен өзара сенім – табысты жұмыстың кепілі», – деді «Qarmet» АҚ жанындағы этномәдени бірлестіктің басшысы Әлішер Жақыпбеков.
Жиын соңында этносаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат ҚХА-ның 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды. Бұл марапат — қоғамдық келісім мен ел бірлігі жолындағы табанды еңбектің лайықты бағасы.
ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысы – еліміздің басты байлығы саналатын қоғамдық келісімді сақтаудағы маңызды алаң. Бұл жиында айтылған бастамалар мен ұсыныстар Ассамблеяның алдағы XXXIV сессиясында қаралатын негізгі құжаттардың өзегіне айналмақ.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»