Бірлік керуені
Қарағанды облысының бірлік керуені Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аттанды. Қаламыздағы Ту тұғыры маңында V дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы «Бірлік керуені» театрландырылған шеруі өтті.
Тарихи қайраткерлер мен эпос батырларының костюмдерін киген қаздрамтеатр актерлері, Талғат Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері, ұлттық спорт түрлерінің өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен қолөнершілер –Қарағандыдан Астанаға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуенін» шығарып салды.
Бірлік керуені құрамында:
-Болашаққа ұмтылысты бейнелейтін шеруі — батыр, елшілер, бүркіт ұстаған, тазы жетектеген аңшылар мен шабандоздар;
-«Хан шатыр» шеруі — қазақ халқының тарихи тұлғалары, эпос кейіпкерлері (С. Сейфуллин атындағы қазақ театрының актерлері);
— Т. Бегелдинов атындағы әскери мектеп тәрбиеленушілері, олардың қолдарында Қазақстан Республикасының бейбіт аспанын бейнелейтін көгілдір тулар;
— V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында этникалық спорт түрлері бойынша аймақты танытатын спортшылар;
-«Шығыс өрнектері» шеруі — түркі тілдес халықтар костюмдеріндегі хореографиялық ұжымдар.
Керуенге қатысушылар мен спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтады.
– Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы ойындардың 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл әртүрлі халықтардың өкілдерін біріктіретін нағыз мәдени-спорттық құбылыс. Ойындар әлемдік қоғамдастықтың назарын аударады. Бұл қатысушылар үшін тәжірибе алмасудың, басқа мәдениеттер туралы көбірек білудің және халықаралық қатынастарды нығайтудың бірегей мүмкіндігі, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды өңірінен көшпенділер ойындарына аттанған делегацияға.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы кезінде Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен Республикалық маңызы бар қалаларынан қасиетті су жеткізіліп, оны тайқазанға құяды. Бұл ел бірлігінің, тұтастығының және ынтымақтастықтың нышанына айналады.
Қарағанды облысынан аттанған бірлік керуені де қасиетті суды алып, жолға аттанды. Ол Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының маңында орналасқан Дара бұлақтың киелі көзінен алынды.
– V дүниежүзілік көшпенділер ойынының символы — су. Сол себепті әр облыс өзінің жеріндегі қасиетті бұлақтан су алып, соны Астанаға апарады. Бір апта бұрын біз қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың елінен Егіндібұлақ ауданындағы «Дара» деген бұлақ бар екен, сол бұлақтың басында бабамыз отырған, су ішкен дейді, сол жерден арнайы су алып келдік. Сол суды бүгін Астанаға батырларымыз апарады. Адам баласының өткен тарихын алсақ барлық адам ежелде көшіп жүрген, әсіресе жазы жылы, қысы қысаң елдер. Мысалға, біздің қазақ елі, бұрын жазда жайлауда, қыста қыстауда өмір сүрген. Бұл өте дұрыс нәрсе, мұндай ойындар керек, не үшін? Бұл әр халықтың ұлттық спортын, оның ішінде біздің қазақ еліне өз ұлттық спортымызды дамытуға септігі көп тиеді. Жиырма бір спорт түрінен өтсе, соның ішінде он екісі біздің қазақтың ұлттық спорт түрінен болады. Сондықтан ұлттық спортымыз бұрын бәсеңдеп қалса, енді міне қазір қайта жаңғыртуға мүмкіндік туып тұр, оның ішінде осы көшпенділер ойыны арқылы да, – дейді самбодан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзов.
Естеріңізге сала кетейік, 8–13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оларға әлемнің 89 елінен 2800 өкіл қатысады.
Сондай-ақ, елордада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады, онда әрбір келуші қазақ халқының мәдениеті және дәстүрлерімен, сондай-ақ қатысушы елдердің өзіндік мәдениетімен таныса алады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»