Бірлестік филиалы ашылды

Бұрнағы күні республикалық «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы филиалы ашылды. Шараға республикалық ұйым жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айнұр Жүгінісова арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ аймақтағы белсенді аналар мен қоғам қайраткерлері де осы жерден табылды.

Қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді жас ұрпақ бойына сіңіру, жас отбасыларды қолдау, бала тәрбиелеу мен білімін жетілдіруге үлес қосу. Сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде ата-аналарға қолдау көрсетіп, кеңес беру.

Қоғамдық бірлестік филиалдары еліміздің 18 өңірінде ашылған екен. Кенді аймақ Қарағанды облысының мұндай ауқымды шарадан қалыс қалмайтыны анық. Өйткені Арқа төсінде қыз-келіншектер мен аналардың белсенділігі өте жоғары. Олар қоғамдағы көптеген проблеманы шешуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға елеулі үлес қосып жүр.

– Бүгін Қарағандыда үлкен игі бастаманы қолға алған жайымыз бар. Атап айтқанда, елімізге белгілі «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің филиалы Арқа төрінде ашылып жатыр. Бірлестіктің басты мақсаты – атадан қалған дәстүрімізді бүгінгі ұрпаққа боямасыз жеткізіп, оны іс жүзінде көрсету және күнделікті қолданысқа енгізу. Қазір әлемдік мәдениеттер қазақ жастарына кері әсерін тигізіп жатыр. Сол үрдіске күллі қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Отбасы институтын дамыту қажет. Осы жолда білім ошақтарымен бірлесіп жұмыс істеу ойымызда бар. Қолдаушы аналарымыз барда діттеген мақсатқа жетеміз деп ойлаймын, – дейді «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы филиалы директоры Меруерт Әлімбаева.

Филиалдың ашылу салтанатында ұлттық бұйымдар мен тағамдардың көрмесі өтті. Әжелер ұршық иіріп, ұмытылып кеткен дәстүрлерден шағын сахналық көріністер қойылды. Әжелер ансамблі ән шырқап, жергілікті өнерпаздар күй орындады. Сондай-ақ «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»