Бірегей жәрмеңке

Қарағанды қаласында тұңғыш рет әйелдерге арналған консультативтік жәрмеңке өтті. Әйелдерге арналған консультативті жәрмеңкеге Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы және уәкілетті органдары, Қарағанды қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогрофиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның мүшелері, Мансап орталығының, Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығының мамандары, қалалық мәслихат депутаттары, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері, Қарағанды облысының дін істері басқармасының, «Отбасы Банк» өкілдері және «ПИК ЮТАРИЯ LTD» ЖШС, «Slik Road Electronics» ЖШС сияқты ірі компаниялар қатысты.

– Әйел адамдар іскер, білімді, барлық ақпарат қолжетімді болғанына қарамастан, олар әлі де өздерін қорғауды және қолдауды қажет етеді. Сол себепті біз Қарағанды қаласында тұңғыш рет әйелдерге арналған кеңес беретін жәрмеңке ұйымдастырдық. Бұл жерде әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері бар, яғни қаламыздың тұрғындарын қандай сұрақтар мазалайды, соның барлығын білуге келіп отырмыз. Біздің орталық өз ғимаратымыздан басқа осындай қаламыздың түрлі ауданына барып, халық көп жүретін жерлерде кеңес береміз. Бұған дейін кеңес беру жәрмеңкелерін Майқұдықтағы Умай СҮ, Сұрыптау мен Пришахтинск шағын аудандарында да өткіздік. Жәрмеңке басталғалы біраз адамдар келіп кеңестер алды. Көбіне ипотекалық мәселесі мен жұмыспен қамту бойынша келіп жатыр. Мұндай жәрмеңкелер қажет, себебі, халықтың сұранысына ие, көбіне біз жаңадан ашылған мекеме болғандықтан халық көп біле қоймайды, сол себепті, осында келіп өткізіп жатырмыз. Жыл басында ғана әйелдер мен балалардың құқын қорғайтын заң қабылданды ғой, көп жағдайда балалар үйде қалады, ата ана жұмысқа кетеді ақпараттың қолжетімділігі аз болған соң халықтың көптеген мелекеттік бағдарламаға қатысты сауаты аз, соны насихаттау үшін осындай жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, – дейді Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова.

Консультативтік жәрмеңкені өткізу барысында әйелдерге жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, білім беру, гранттар алу, алимент төлеу, қорғаншылық, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңестер, «Jumys Tap» жобасы бойынша ақпарат берілді.

Өзіңізді толғандырған мәселелер бойынша сіздер Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығына жүгіне аласыздар. Орталықтың мекенжайы: Чкалов көшесі, 7 үй. Инстаграммдағы парақташы: @otbasy.ortalygy.krg.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»