Бірқатар мектепке «Алаш» қайраткерлерінің есімдері берілмек
Елорданың бірқатар мектебіне «Алаш» қайраткерлерінің есімдерін беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің ерліктеріне лайықты баға беріп, жоспарлы түрде насихаттау туралы тапсырмасына сәйкес, біртуар тұлғалар есімін ардақтап, мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында «Алаш» қозғалысының 30 шақты тұлғасына көше атаулары берілген. Оның ішінде, сіздер ұсынған тізімнен келесі азаматтардың есімдері бар — Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Ермеков, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Уәлитхан Танашұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Аспандияр Кенжеұлы, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Бірімжановтар, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Садуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Телжан Шонанұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов», — делінген Үкімет басшысының орынбасарының жауабында.
Сонымен қатар, ол еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарына Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның, Шәкәрімнің есімдері берілгенін айтады.
«Қазіргі уақытта Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірқатар білім беру мекемелеріне Нәзір Төреқұловтың, Мұстафа Шоқайдың, Қошке Кемеңгерұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін беру мәселесі қарастырылуда. Алаш қайраткерлерінің атымен бұдан басқа да 30-дан астам көше, 10-ға жуық мектеп аталады», — деді Ералы Тоғжанов.
Оның атап өтуінше, ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мемлекеттік органдармен қайраткерлердің есімдерін көшелерге, даңғылдарға, мемлекеттік мекемелерге беру үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстар жүргізуде. «Осыған орай, мемлекеттік мекемелерге жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімдерін өскелең ұрпаққа жан-жақты жеткізу мақсатында, олардың есімдерін елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, объектілерге беру бойынша тиісті жол картасын әзірлеп, жүйелі түрде қарастыру тапсырылды», — делінген жауапта.