БІР ҒАНА АДАМНЫҢ 4 МЛН ТЕҢГЕСІН ҚОЛДЫ ЕТКЕН КИБЕР-АЛАЯҚТАР БОСТАНДЫҚТА ЖҮР

Соңғы уақытта ел арасында «кибер-алаяқ» деген термин кең етек жайып келеді. Сәйкесінше, олардың айласына алданып, тірнектеп жиғанынан бір сәтте айырылып қалып жатқандар да жетерлік. Мысалы, өткен жылы ғана тек Қарағанды облысында 1500-ге жуық алаяқтық фактісі тіркеліпті. Ал, іс жүзінде бұл сан екі-үш есе көп болуы мүмкін. Себебі, өзінің аңғалдығынан ақшасынан айырылып қалғандардың көбі полицияға шағымдана бермейді. Құрыққа ілінуі қиын қылмыстың бұл түрінен қалай сақтану керегін бүгінгі күні әркімнің білгені абзал.

Қарағандылық Ернар есімді азаматтың банк саласында алған білімі бар. Қаржы нарығын бір адамдай біледі. Алайда, жалған менеджер «Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз» — дегенд қалай сеніп қалғанын білмей қалған. Оған хабарласқан адам «сіздің шотыңыздан шетелге заңсыз қаржы аударылған», — депті. Ернардың өзі де содан бірер күн бұрын ғана интернет дүкеннен тауар сатып алып, ақшасын төлеген. Сондықтан сеніп қалады. Ал, жалған менеджер болса төлем картасындағы ақпараттарды тәптіштеп сұрай бастаған. Өте білімді, кідірмей сөйлейтініне таңғалдым, — дейді Ернар. Ақпараттарды айтып берген. Тек банктің теріс бетіндегі үш санды сұраған кезде ойына алданып қалуы мүмкін екені түседі. Осы кезде екінші телефонмен банкке хабарласады. Тек, сонда ғана айласын асырмақ болғалы тұрған алаяқпен сөйлесіп тұрғанын біледі. Анау болса тұтқаны тастай салған.
Былтыр Қарағанды қаласында бір азамат осындай жалған банк менеджеріне 4 млн. теңгесін қолды еткен. Мұндай істердің бетін ашу қиынның қиыны, — дейді полицейлер. Себебі, ақпараттық технологияның дамуымен қатар алаяқтық әдістер де жаңарып, күрделеніп келеді. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Азамат Бименнің сөзінше ең көп орын алатын
қылмыстың ішіне қандайда бір тауарды сатып алуға, не жарты ақшасын төлетіп жеңілдікпен аласыз деп алдап соғатын жағдайлар кіреді. Бұдан басқа адамдардың атынан онлайн кредиттер алу жағдайлары
да көбейген, — дейді маман.
Қарағандыда ІТ саласының мамандарын дайындайтын орталық бар. Олардың сөзінше әккі қылмыскерлер әдетте сіз жайлы біраз мағұлматты алдын-ала біліп алады. Білмейтінін сіздің сеніміңізге кіріп, алуға
тырысады. Әдетте олар өте сыпайы, кәсіби маман ретінде диалог құрады. Жылдам сөйлейді. Осылайша сіздің ойлануыңызға немесе күдіктенуіңізге мұрша бермейді. Қазір алаяқтық жолмен ақша табудың танымал болып тұрған үш жолы бар. Алғашқысы – фишинг. Яғни, сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, картаңыздың ақпаратын сұрап алады. Екінші түрі – хабарламалар сайтынан тауарыңызды сатып аламын деп, жалған сайт арқылы картаның ақпаратын жаздырып алады. Ондай сайттар әдетте бір-екі күннен соң бұғатталып қалады. Үшіншісі – біздің ұялы телефонымыздағы қаржы қосымшалары. Яғни, ол нөмірге сәйкестендірілгендіктен
парольдарыңызды біліп алып, қаржыңызды басқа шотқа оп-оңай аударып алуы мүмкін.
Тағы бір ескерер жайт киберқылмыскерлер банк картасынан әдетте 20-30 мың теңге шамасындағы қаржы ұрлайды. Әдетте зардап шеккен тарап мұндай сома үшін полицияға шағым жазбайды. Салдарынан алаяқтар жазаға тартылмай, жымысқы әрекеттерін жалғастыра береді.
Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның ең ірі деген екінші деңгейлі 11 банкі бірлескен мәлімдеме жасаған. Қаржы ұйымдары – алаяқтардың банк клиенттеріне шабуыл жасауы жиілеп кетті, — деп дабыл қағады. Және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметі адамдарды алдаудың кең таралған бірнеше әдісі бар екенін ескертеді. Олардың көбі:

1) Қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Күдікті операциялар туралы айтып, клиент шотынан ақша аударуға қажетті мәліметтерді алуға тырысады. Мысалы жеке кабинетте құпиясөзді
ауыстыруды, жаңа құпиясөзді және SMS-хабарлама арқылы келген құпия кодты айтуды сұрайды. Бұл мәліметтер арқылы алаяқтар клиент шотындағы ақшаны аударып, тіпті оның атына ақшалай кредит
рәсімдеуі мүмкін.
2) Қоңырау шалып, клиент шотынан ақша ұрлануы қаупі барын, қаражатты жедел түрде «қосымша шотқа», «сақтандыру агентіне», «сақтандыру ұяшығына» т.б. аудару керегін айтады. Өтірікті сендіріп айтары сонша, сылтауы әртүрлі болуы мүмкін, бастысы – клиент қаражатын басқа шотқа аударуға көндіру болып табылады. Кейбір жағдайда алаяқтар арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен банк нөмірінен қоңырау шалған болады немесе ұқсас нөмірден қоңырау шалады.
3) Пошта немесе мессенджерлерге қайырымдылық акциясы, ерекше қаржылық қызметтер, жүлделер ұтысы және т.б. шара- лар туралы ақпарат таратады. Оларда жеке мәліметтерді енгізуге және банктік операцияларды жасауға арналған сілтемелер болады. Адам карта мәліметтерін енгізген сәтте алаяқтар ақша шешіп алады. Сондай-ақ, сілтемеде алаяқтарға сіздің қосымшаңызға кіруге мүмкіндік беретін вирустар болуы
мүмкін.
4) Қоңырау шалып басқа біреудің сіздің жеке кабинетіңізге кіруге талпынып жатқанын айтып, қауіпсіздік үшін қосымша жүктеп алуды ұсынады. Мұндай қосымшалар алаяқтарға телефоныңызға, оның ішіндегі ақпараттарды еркін пайдалануына мүмкіндік береді. Одан кейін тіпті сіздің атыңыздан қоңырау шалып, қаржылық операцияларды жасауы мүмкін.

Банктер өз клиенттерінің сенімін бағалайды. Жеке мәліметтер мен электронды қаржы аударымдарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сондықтан алаяқтар қоданушылардың өздерін алдау арқылы ақша жымқыруға тырысады», — делінген хабарламада.
Негізі кез-келген банк картасы бар тұлғаның ешкімге айтуына болмайтын құпия ақпараттары болады. Ол ұялықосымша мен интернет-банкингтегі жеке кабинеттің құпиясөзі, карта реквизиттері және төлем, аударым т.б. растауға арналған SMS-кодтар. Бұл деректерді қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері деп таныстырса да, банк нөміріне ұқсас нөмірден хабарласса да айтуға болмайды. Себебі нағыз банк қызметкері мұндай ақпаратты сұрамайды. Бұл тек алаяқтарға ғана керек ақпарат.
Мамандар кез-келген алаяқтық фактіге сол төлем картасының қожайынының кінәлі екенін айтады. Себебі біз қарапайым дүниені білмейміз де қауіпсіздікке назар аудармаймыз. Мысалы, мықты кибералаяқтарға шоттағы ақшаны шешіп алу үшін банк картасының оң бетіндегі ақпараттардың өзі жетіп жатыр. Ал, теріс
бетіндегі 3 санды қосып айтсаңыз, онда ақшаны қылмыскерлерге өз еркіңізбен бергенмен бірдей боласыз. Оны кейін қайтарып алу көп жағдайда мүмкін емес.

Расул МҰХАММЕД
«QH»