Білімділер сайысы

 

Білімділер жарысы өз мәресіне жетті. 27 тамызбен 4 қыркүйек аралығында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде шахматтан халықаралық турнир өтті. Әлемнің әр түрлі елдерінің чемпиондары үздік деген атаққа таласты.

Шахматшы Меруерт Камалиденова Халықаралық шахмат турнирінде жүлдегер атанған жалғыз қыз. Бала кезінен бұл ойынға деген қызығушылығы жоғары болды. Бүгінгі таңда ол әртүрлі жас топтарындағы қыздар арасында шахматтан Қазақстан біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. Шахматшы жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында Қазақстанның атынан бірнеше рет өнер көрсетті. Өткен турнирде өзінің гроссмейстер атағын растады.

— Қарағанды облысы әкімі кубогының ерлер арасындағы турнирінде ойнадым. Турнир өте қиын болды, мен негізінен жергілікті және шетелдік ер гроссмейстерлермен жарысқа түстім. Жеңіске жеттім және бәрі осылай болады деп мүлде ойламадым. Әсіресе соңғы партия ұзақ болды. Мен оны 5 сағат ойнадым. Позиция жеңіліске ұшырады, бірақ қарсыластан алдыға ойланып, жеңіске жеттім, -дейді шахматшы Меруерт Камалиденова.

Ақыл мен ойы ұшқыр шахматшылар арасындағы ойын 9 күнге созылды. Кеншілер қаласы үшін мұндай жарыс бірінші рет өткізіліп отыр. Қарағанды облысы әкімінің шахматтан бірінші ашық кубогының бас төрешісінің айтуынша, бұл турнир қатысушылар үшін бастапқы саты ғана, ал шахматшылар үшін маңызды оқиға алда болмақ. Қазақстан құрамасы өзін жақсы жағынан көрсеткен.

— Мұндай турнир бізде алғаш рет өткізіліп отыр. Қарсыластар да мықты, әсіресе А және Б ірі турнирлерінде көптеген гроссмейстерлер болды. Әлемнің 9 елі қатысты. Бұл турнир 10 қыркүйекте Венгрияда өтетін шахмат олимпиадасына дайындық десек болады, -дейді бас төреші Олег Ринас.

Тосынсыйлар мұнымен аяқталған жоқ. Негізгі турнирден басқа, барлық тілек білдірушілер үшін рапид те өтті, онда бірінші орынды біздің қарағандылық Әлімжан Аяпов иеленді. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірлан Абылаев жеңімпаздарды марапаттап, өзінің жылы лебізін тілей отыра, алдағы шахматтан өтетін олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.

ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»