Білім мен спорттың тоғысқан тұсы: Қарағандыда халықаралық семинар өтті
Қазақстанда алғаш рет білім беру жүйесіндегі спортты дамыту мәселелеріне арналған халықаралық деңгейдегі семинар Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде ұйымдастырылды. Шара барысында спорт пен білімді ықпалдастырудың заманауи тәсілдері талқыланып, сала мамандары тәжірибе алмасты. Қатысушылар спорттық менеджмент, психология және емдік дене шынықтыру бағыттарындағы микробіліктілік бағдарламаларын енгізудің мүмкіндіктері мен келешегіне ерекше назар аударды.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерқара Аймағамбетовтің айтуынша, бұл семинар – елімізде білім беру саласындағы спортты дамытуға арналған алғашқы тәжірибеге бағытталған халықаралық алаң. Іс-шара спорт пен білімнің өзара ықпалдастығын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
— Мұндай форматтағы семинар елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Биылғы шараны толығымен спорттық менеджмент тақырыбына арнадық. Бұл – қазіргі таңда ерекше маңызға ие, өзекті бағыттардың бірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 250-ден астам тыңдаушының қатысуы — бұл саланың даму перспективаларына деген үлкен қызығушылықтың айқын дәлелі. Спорттық менеджментті ілгерілетіп, оның дамуына өз үлесін қосуды мақсат еткен мамандардың көптігі бізді қуантады, -деді Экономика ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерқара Аймағамбетов.
Физикалық мәдениет және спорттық менеджмент кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ляйля Сырымбетова форум жайлы пікір білдіріп, оның салалық білім мен тәжірибе алмасудағы маңызын атап өтті.
— Бұл форум – білім, ғылым және бизнестің өзара ықпалдастығының жарқын мысалы. Соңғы үш жыл бойы тығыз әріптестік орнатқан П.Ф. Лесгафт атындағы Ресей мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің (Санкт-Петербург) шетелдік сарапшылары арнайы шақыртумен семинарға келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Қазіргі таңда кәсіби орта мен академиялық қауымдастықтар бірлесіп, спорт саласы үшін қажетті заманауи, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – дейді Физикалық мәдениет және спорттық менеджмент кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ләйлә Сырымбетова.
Өз пікірінде әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, П.Ф. Лесгафт атындағы университеттің халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Светлана Росенко форум аясында ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттарына тоқталып, халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
— Біз бұл семинарға білім беру жүйесіндегі спорттық менеджмент, спорттық психология және спорттық оңалту мәселелерін талқылау мақсатында келдік. Бұл — ғылыми зерттеуді және тәжірибе алмасуды қажет ететін заманауи, маңызды бағыттар. Осындай кәсіби кездесу Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, жаңа идеялардың туындауына және олардың жүзеге асуына мүмкіндік береді деп сенеміз, -дейді әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Светлана Росенко.
Семинар барысында тараптар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, кәсіби байланыстар орнатылды. Іс-шара Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтті. Басқарма басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев форумға қатысып, мұндай бастамалардың алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы тиімді әріптестікті тереңдететініне сенім білдірді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

