Білім додасының білгірлері
Алматы қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, соның ішінде география мен химия бойынша өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылардың білім деңгейі сарапқа салынды. Білім додасының қорытындысы бойынша Қарағанды өңірінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны 16 жүлдемен елге оралды. Бұл көрсеткіш аймақтағы білім сапасының тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.
Аталған олимпиадада өңір намысын қорғаған оқушылар түрлі пәндер бойынша өзара бақ сынасып, күрделі тапсырмаларды орындау арқылы теориялық білім мен практикалық дағдыларын дәлелдеді. Қарағандылықтар арасынан жалғыз алтын медальді Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Сырым Амантай жеңіп алды. Ол география пәнінен терең білімін көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Жас дарын үшін бұл алғашқы жетістік емес. Бұған дейін ол өткен жылдың тамыз айында Сербия астанасы Белградта өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық география олимпиадасында қола жүлдеге ие болған еді. Бұл көрсеткіш Сырымның халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
Оқушыларды бірнеше жыл бойы дайындап келе жатқан география пәнінің мұғалімі Рахым Серіктің айтуынша:
– Биылғы олимпиаданың тапсырмалары ерекше күрделілігімен және мазмұнының тереңдігімен ерекшеленген. Білім додасы мультимедиялық, жазбаша және далалық турлар атты үш кезеңнен тұрды. Әсіресе, Сайран көлінің маңында өткен далалық кезең қатысушылар үшін қызықты әрі жауапты сынақ болды. Онда оқушылар жергілікті аумақтың жоспар-картасын жасап, түрлі географиялық есептер шығарып, күн сәулесінің түсу бұрышын анықтау секілді тәжірибелік тапсырмаларды орындаған. Мұғалім үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт жоқ. Оқушыларымның әрқайсысын мақтан тұтамын. Өзім де кезінде олимпиадаларға қатысқанмын, сондықтан мұндай деңгейге жету үшін қаншама еңбек пен төзім қажет екенін жақсы білемін, – дейді ол.
Ұстаздың жетекшілігімен тағы бірнеше оқушы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Әлішер Алғалиев, Аружан Амангелді және Ералы Қалыш күміс медаль жеңіп алса, Ділдә Сақтаберген қола жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, жүлдегерлер қатарында «Білім-Инновация» лицейлерінің оқушылары да бар. Химия пәнінен Саян Мәжит күміс жүлдеге ие болса, Даниил Шен мен Азиз Басқар қола медаль жеңіп алды. География пәні бойынша Нүрия Мұханбетәлі екінші орын иеленіп, Әмина Ысқақова қола жүлдегер атанды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

