Білім додасындағы жеңімпаздар

Астана қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы физика және биология пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 300-ден астам оқушы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Қарағанды облысының намысын бұл жолы 13 жоғары сынып оқушысы қорғады. Тапсырмалардың күрделілігі мен бәсекенің жоғары деңгейіне қарамастан, өңір шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп, үш қола жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, Білім-инновация №1 лицейі оқушылары Әлихан Жұмағали (биология) мен Рауан Әлібек (физика) жүлдегер атанса, Білім-инновация №2 лицейі оқушысы Мәриям Төлеубаева биология пәні бойынша қола медаль иеленді.

Олимпиада тапсырмаларының деңгейі халықаралық стандарттарға сай болғанын мұғалімдер де атап өтті. Жасұлан Әлмағанбетовтың айтуынша, қатысушыларға ұсынылған сұрақтар жан-жақты дайындықты талап еткен.

– Тапсырмалар өте күрделі әрі мазмұнды болды. Форматы халықаралық олимпиадаларға жақын. Оқушылар жасушалық биологиядан бастап биоинформатикаға дейінгі бағыттарды қамтыған теориялық және тәжірибелік кезеңдерден өтті, – деді ол.

Сонымен қатар бірқатар оқушылар құрмет грамоталарымен марапатталды. Олардың қатарында Мұрагер мектебі оқушысы Назерке Жүсіпбекова, Н.Нұрмақов атындағы мектеп оқушысы Әйгерім Саясат және «Білім-инновация» №1 лицейінің оқушысы Расул Мирғалы бар.

Мұндай олимпиадалардың басты мақсаты дарынды оқушыларды анықтап, олардың қабілетін дамыту. Жарыс қорытындысы бойынша халықаралық деңгейдегі зияткерлік сайыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»