Білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі

Президенттің Жолдауында білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Болашақ мектептерін дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және жас ұрпақты жасанды интеллект негіздеріне оқыту мәселелері басты басымдық ретінде белгіленді. Бұл жаңалықтар педагогтарға өз кәсіби шеберліктерін арттыруға мүмкіндік берсе, оқушыларға сапалы әрі тең білім алу жағдайларын жасайды.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ғылым мен жоғары білім беру саласына ерекше назар аударылды. Университеттердің ел дамуындағы рөлін арттыру, жас зерттеушілерге қолдау көрсету және жаңа буын мамандарын даярлау – зияткерлік ұлт қалыптастырудың басты тетігі ретінде атап өтілді. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуетін көтеру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – колледждер үшін жаңа серпін болмақ. Президент айқындаған осы маңызды реформалар қоғам тарапынан да қолдау табуда. Солардың бірі – білім саласының өкілі Алмагүл Ракишева. Ол Жолдауда көтерілген бастамалар – білім беру жүйесін нақты нәтиже беретін, заманауи талаптарға сай тетікке айналдырудың мүмкіндігі екенін атап өтті.

— Жолдауда айтылған бастамалар мұғалімдер үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Цифрландыру үдерісі педагогтардың күнделікті жұмысын жеңілдетуге бағытталса, әлеуметтік қолдау шаралары ұстаздар үшін қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз кәсіподақ ретінде бұл өзгерістерді толық қолдаймыз. Мұғалімдердің құқықтарын қорғау, олардың абыройлы еңбек етуіне және кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша үлес қосуға дайынбыз, -деді Қазақстан салалық кәсіподағы Қарағанды облыстық ұйымының төрайымы Алмагүл Ракишева.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»