БІЛГІРЛЕР БӘСЕКЕСІ

Кеншілер шаһарындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойынының он екінші чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш сайыс Қарағанды қаласының 90 жылдығы және 2023-2024 жылдардағы спорттық ойындар маусымының жабылуына орай ұйымдастырылған.

– Интеллектуалды ойын дәстүрлі түрде жалғасып келеді. «Не? Қайда? Қашан?» ойыны барлық әуесқой ойыншының басын бір арнаға тоғыстырады. Жыл сайын түрлі турнир мен зияткерлік ойындар, оқушылар арасында чемпионаттар өткіземіз. Өйткені зияткерлік спорт бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған. Бұл чемпионат Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті, – деді «Шахтер» КМҚК-ның Аула клубтары жөніндегі бөлім басшысы Әсел Әшірбек.

Зияткерлік ойында барлығы 16 команда сынға түсті. Астана қаласынан келген ойыншылар да осал емес. Білгірлер тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Қатысқан топтарға жалпы 45 сұрақ қойылды. Зияткерлік «Майқұдық» командасының ойыншысы Олжас Жамантаевтың сенімді серігіне айналып үлгерген. Оның осы ойынға ден қойғанына он жылдан асыпты. Олжас бұл ойынның ой-өресін кеңейтіп, білімін шыңдауға ықпал еткенін айтты:

– Әр жексенбі кездесіп, зияткерлік тұрғыда білімімізді шыңдаймыз. Ойын өзінің пәрменді мазмұнымен, қызықты әрі танымдық сұрақтарымен ерекше. Жаңа дүниені тану мен үйрену кезінде қаламыздың беделді адамдарымен қарым-қатынас орнаттық. Олармен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Мұндағы атмосфера адамдарды интеллектуалдық жағынан байытады.

Интеллектуалды ойынға қатысқандар ой-өрісінің кеңдігі және эрудициясы арқылы ерекшеленіп тұрады. Турнирдің мақсаты – зияткерлік спортты дамыту демалысының нысаны ретінде насихаттау, сонымен қатар 2023-2024 жылдар аралығындағы ойындар маусымының ең мықты білгір командаларын анықтау. Ойыншылардың санасына серпіліс сыйлайтын сайыста жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар естелік медаль және арнайы дипломмен марапатталды. Елордалық «Здравствуйте, вам бан» командасы 1-орынды еншіледі. 2-орынға «Der Рефрижератор» командасы қол жеткізді. Соңғы үштікке «Майқұдық» командасы табан тіреді. Ал турнирдің «Ең үздік ойыншысы» марапаты Олжас Жамантаевқа бұйырды. Сондай-ақ «Ең үздік жасөспірімдер командасы» аталымын Назарбаев зияткерлік мектебінің «Жасоникс» тобы иеленді. «Ең үздік әуесқой команда» номинациясымен «Мозг и красавицы» педагогтер құрамасы марапатталды.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»