Бес жылдық белес және биік сенім
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт ұстазының осы бір тағылымды сөзі уақыт өткен сайын терең мағынаға ие болып, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі айрықша орнын айқындай түседі.
Осындай халық пен биліктің, қоғам мен жаңалықтың арасын жалғап, өңірдің шынайы тынысын танытып келе жатқан басылымдардың бірі – «Qaragandy Нabary» газеті. Биыл сүйікті басылым бес жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы айтулы датаға орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры, «Qaragandy Нabary» газетінің тұрақты оқырманы Сәуле Ізтілеуова газет ұжымына жүрекжарды лебізін білдірді. Сәуле Далбайқызының айтуынша, «Qaragandy Нabary» – аймақтың тыныс-тіршілігін шынайы әрі сапалы жеткізіп келе жатқан беделді ақпарат құралы.
– Газет – қоғам айнасы. «Qaragandy Нabary» осы бес жыл ішінде өңіріміздегі маңызды оқиғаларды, білім мен мәдениет саласындағы жетістіктерді, елдік бастамаларды кеңінен насихаттап келеді. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты материалдардың орны бөлек. Бұл – ұстаздар қауымы үшін аса құнды, – деді мектеп-гимназия директоры Сәуле Ізтілеуова.
Білім ордасының басшысы ретінде ол басылым бетінде мектеп жетістіктері, мұғалімдердің еңбегі, оқушылардың табыстары жиі көрініс табатынын ерекше атап өтті. Мұндай жарияланымдар ұстаздар мен шәкірттерге шабыт беріп, олардың еңбегін елге танытуға үлкен мүмкіндік туғызады.
– Басылым – тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол – рухани тәрбие құралы. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елдік мүддені алға қоятын мақалалар арқылы газет жас ұрпақтың санасына ізгілік пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіруге үлес қосып келеді, – дейді тұрақты оқырман.
Мерейтойға арнаған құттықтауында мектеп басшысы «Qaragandy Нabary» ұжымына шығармашылық табыс, толағай жетістіктер, оқырман сенімі мен қолдауын тілеп, алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбектері еселене беруіне ниет білдірді. Бес жыл – басылым тарихы үшін қомақты белес. Осы уақыт ішінде «Qaragandy Нabary» өз оқырманын қалыптастырып, өңірлік журналистиканың дамуына сүбелі үлес қоса білді. Алдағы жылдары да газет халықтың үні, қоғамның сенімді серігі болып қала беретініне сенім мол.


