Бейнелеу өнері музейі мемлекет көмегіне мұқтаж

Құнды туындыларды қажетті талаптарға сай сақтау мүмкін емес. Жүздеген көрме өткізіп, шын таланттардың шығармашылығын паш етіп жүрген Қарағанды облыстық бейнелеу музейіндегі жағдай осындай. Тозығы жеткен ғимаратта жәдігерлік қорларда орын таусылған. Мұражайдың мұңы айтылып, жер мәселесі жыр болғалы бірнеше жыл. Жер телімін күтіп телмірген музей қызметкерлері көрікті көрмелер өткізудің күн өткен сайын қиындап бара жатқанын айтып базыналарын жеткізді.

— Бүгінде мұражайда 10 мыңға жуық бірегей туынды сақталған. Оның арасында елімізге әйгілі қылқалам шеберлерінің құнды туындылары мен танымал талай тұлғаның портреттері де жетерлік. Көрме залының аздығына байланысты сол жауһар дүниені жұрт назарына ұсыну да мүмкін емес. Шарасыздықтан шаң басқан күйде сақтаймыз, — дейді музей мамандары.

Іскерлігін сонау 1988 жылдан бастаған музейдің үстінде техникалық қабат, одан әрі тұрғын үй пәтерлері орналасқан. Сондықтан пәтерлердегі кез келген құбырдың жарылуынан бірінші зардап шегетін де — осы мұражай. 2017 жылы пәтерлердің бірінде ыстық су құбыры жарылып, су мұражайға аққан. Салдарынан құнды суреттерді су шайып, сапасына сызат түскен. Ал кәсіби біліктілікпен, арнайы талаптармен, шығармашылық шеңбер аясында салынған мұндай суреттерді бастапқы қалпына келтіру үшін 500–600 мың теңге көлемінде ақша жұмсалады. Мыңдаған қарағандылықтың көзайымына айналған бейнелеу өнері музейінде екі ғана көрме залы бр. Мұндағы алты қор да ешқандай талапқа сай емес. Қордағы қор болған картиналарды көргенде іштері ашитын музей қызметкерлерінің қолдарынан келер қайран жоқ. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева музей іскерлігіндегі ілгерілемей тұрған талай жұмыстың тетігі ғимараттың тарлығына келіп тірелетінін былай деп түсіндірді:

— Арнайы жеке жасақталған ғимарат жоқ. Қазіргі жағдайда орынның тарлығы ғибратты талай шаруаны жүзеге асыруда қолбайлау болып отыр. Бұл мәселенің қозғалып келе жатқанына біраз уақыт болды. 2011 жылдан бері хат жазудамыз. Бірақ нақты шыққан ұйғарым, көрсетілген жер жоқ. Көпшілік сұрауындағы көптеген көрме мен іс-шаралар үшін залдар жетіспейді. Біз елге ұсынатын тұрақты көрме залын ашқымыз келеді. Қазір бар болғаны 2 ғана зал. Сол себепті көрмелер жиі ауысып тұрады. Біз мұнан бөлек түрлі көркемсурет студиясымен, өнер мектептерімен, жоғары оқу орындарымен қоян-қолтық жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағыттарды қамту былай тұрсын, өзіміздің қорға тұрақты көрме өткізу қиын. Тұрақты залдар болса, қалаға келген қонақтар, туристер біздің құнды дүниелерімізді тамашалап, біздің ел туралы аз да болса мағлұматқа, бай мәдени мұраға қаныққан болар еді. Біле білсеңіздер, музейде картиналарды қорғау үшін нормаға сай сақтау қағидалары ұсталуы керек. Тіпті ауа ылғалдығының өзі өте маңызды. Жәдігерлердегі бояу сыр беріп, сапасын жоғалтпауы үшін жылу температурасы 18-ден төмен болмауы тиіс. Ал біздегі қазіргі ғимаратта қыста зал өте салқын. Үстіміздегі 12 қабатта тұратын қаншама пәтер бар. Олардың бәрін қадағалау мүмкін емес. Бір кездері карнтиналар бүлінгенде, мәдениет басқармасы көмектесті, бюджеттен ақша бөлінді. Бірақ бұл — мәселені түбегейлі шешпейді.

«Жаңа ғимаратқа жер беріледі» деген қауесет тарағалы қашан. Бірақ нақты көрсетілген жер телімі, шыққан шешім болмады. Алайда, Мәдениет басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде қаламыздың оңтүстік- шығысында арнайы жер бөлінген. Бұл қуанышты хабарды Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов жеткізді.

— Соңғы кездері музейге қатысты көп сауал туындады. Бүгінгі ақпар бойынша, қалалық әкімдік мәліметінше, Оңтүстік- Шығыс ауданнан жер телімі бөлінді. Бұл — әзірге ауызша хабар. Әрі қарай біз белгілі тәртіп шеңберінде әрекет етеміз. Белгіленген жер телімін біздің Мәдениет басқармасына аударатын боламыз. Одан кейін рәсімделіп, жоба дайындалатын болады. Жобалық- сметалық құжаттамаға беру сатысын ойластырамыз. Қаражат бөлініп, жоба мақұлданса, бұл сұрақ толық шешімін табады, — деді.

Мәдениет басқармасы мәлімдегендей, бұл — әрине, жағымды ақпар. Алайда жердің бөлінуін бірнеше жыл күткендей, құрылыстың қарқын алуы көп күттірмесе игі.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»