Базарларды жаңғырту – қатаң бақылауда

ҚР Парламенті базарларды жаңғырту жұмыстарын қатаң бақылауға алды. Белгіленген мерзімде талаптарды орындамаған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті базарлардың жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қарағанды облысына сапары барысында мәлімдеді. Министр өңірдегі сауда инфрақұрылымын дамыту мәселелерін де талқылады.

Қарағанды облысында бес базарды жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. «Шығыс» базарындағы құрылыс кестеге сай жүріп, нысанды 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар «Тұлпар» базарының аумағында автодром салу жұмыстары жүріп жатыр. «Алтын арба» базары басшылығы 20 мың шаршы метрден асатын жаңа сауда үйін салуды көздеп отыр. Ал «Горняк» базарындағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы күтілуде. Өкінішке қарай, «Қайрат» базары қызмет көрсетудің тоқтауы себепті мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланды. Бұл – жоспарлар өңірдегі сауда инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдар.

– Ішкі және сыртқы сауда саласында жақсы көрсеткіштер бар. Қазір бизнес субъектілерінін 35% сауда саласында жұмыс істейді. Саудада жұмыспен қамту бойынша бірінші орында тұр. Осы сауда саласында бір жарым миллион адам жұмыс істейді. Ол жалпы негізінде ішкі өнімге қосқан экономикалық үлесі бойынша екінші орындамыз. 2025 жылдың жеті айында сауда инвестициялары 522 миллиард теңгеден астам соманы құрады, – деді ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Министр базарларды жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңдеріне – инженерлік желілерге қосу, жобалық құжаттаманы келісу және қаржыландыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Қазіргі таңда осы тапсырмалардың шешімі әлі де толық табылмағанын атап өтті. Осы міндеттерді уақтылы орындау үшін негізгі жауапкершілік базар иелеріне жүктеліп, белгіленген мерзімдерге сай жұмыстарды аяқтау қажеттігі баса айтылды. Бұл – өңірдегі сауда инфрақұрылымын дамытудағы маңызды шарттардың бірі.

– Өңір баға өсімі бойынша үшінші орында тұр. Негізгі өсім 14 тауарға тән. Олардың қатарында пияз, сәбіз, қырыққабат, картоп, қарақұмық, сиыр еті, май, қант, сүт өнімдерімен құс еті бар. Сауда инфрақұрылымын дамытуда қазіргі заманғы сауда форматтарына көшу жалғасуда. Аталған жұмыстың аясында 2029 жылға қарай олардың үлесін 70% жеткізу жоспарлануда. Қазіргі заманғы форматтарға өзін-өзі қызмет көрсету элементтері бар стационарлық сауда нысандары жоғары деңгейлі автоматтандыру және  тиісті инфрақұрылым жатады, – дейді министр.

Министр кәсіпкерлерді қолдау бағытында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелерді кепілдендіру сияқты тиімді тетіктердің іске қосылғанын атап өтті. Қарағанды облысында алты инвестициялық жобаны қосқанда, жалпы сегіз жоба мақұлданып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беруде. 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша облыстың ішкі тауар айналымы 2,38 триллион теңгеге жетіп, бұл – республика көлемінің 6,3%-ын құрайтын көрсеткіш. Мұның бәрі өңірдің тұрақты дамуы мен инвестиция тартудағы үлкен жетістіктердің айқын дәлелі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»