«Батырлар мұрасы» онкүндігі: Қарағандыда гүл қою рәсімі өтті

Қарағанды қаласында «Батырлар мұрасы» онкүндігі шеңберінде «Астана» өңірлік қолбасшылығының 31775 әскери бөлімі аумағындағы Батырлар аллеясында гүл қою рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға әскери бөлімнің жеке құрамы, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушылар, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Шара барысында әскери қызметшілер биылғы жылы мерейтойлық даталары аталып өтіп жатқан батырларға арналған мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, халық батыры Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы, Сұлтан Баймағамбеттің 105 жылдығы, жазушы-фронтовик Кәмен Оразалиннің 105 жылдығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Мұқтар Алтынбаевтың 80 жылдығы. Әскери қызметшілер ерекше назарды халқымыздың тарихи ұрандарына аударды. Батырлар күніне орай сарбаздар «Алаш», «Әруақ», «Абылай» секілді ұлттық жауынгерлік ұрандарды айқайлап, бабалар рухына тағзым етті.

– Біз үшін батырларымыздың есімін ұлықтап, олардың ерлігі мен өшпес өнегесін жас буынға жеткізу – қасиетті парыз. Олардың қайсарлығы, табандылығы және Отанға адалдығы әрбір әскери қызметшіге үлгі, – деді 31775 әскери бөлімінің командирі орынбасары, подполковник Әлішер Тасқалиев.

Бүгінде академик Темірғали Көкетай атындағы Қарағанды рухани құндылықтарды сақтау және насихаттау орталығы сегіз бірегей әскери-патриоттық күнді әзірлеп, белсенді түрде дәріптеуде. Олар: Батырлар күні, Жігіттер күні, Сарбаздар күні, Ұлы қолбасшылар күні, Бауыржан Момышұлы күні, Жауынгерлік ұран күні, Ер Абылай және Аңырақай жеңісі күні, сондай-ақ Отан қорғаушы әйелдер күні. Осы күндер негізінде жастардың патриоттық рухын көтеруге және тарихи сананы нығайтуға бағытталған кең көлемді шаралар кешені жоспарлануда.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»