Батырлар күніне орай әскери-патриоттық шаралар өтті
Қарағандыдағы Н.В.Гоголь атындағы кітапханада Батырлар күніне арналған «Батырлар мұрасы және жас ұрпақ» атты әскери-патриоттық іс-шара өтті. 15 қарашада аталып өтетін бұл күн – Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орайластырылған және жыл сайын ел бойынша түрлі патриоттық шаралармен атап өтіледі.
Академик Темірғали Көкетай атындағы ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығы әзірлеген сегіз әскери-патриоттық күн өңірде белсенді түрде насихатталып келеді. Олардың қатарында Батырлар күні, Жігіттер күні, Сарбаздар күні, Бауыржан Момышұлы күні, Жауынгерлік ұран күні, Ер Абылай және Аңырақай шайқасындағы жеңіс күні, сондай-ақ Отан қорғаушы қыздар күні бар. Бұл даталар негізінде кең ауқымды тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Өңірде осы күндердің біразы жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді. Жоғары политехникалық колледжде – Батырлар күні, Ә.Сағынов атындағы ҚарПолитех әскери кафедрасында – Сарбаздар күні, ал 31775 әскери бөлімінде – Ер Абылай және Аңырақай шайқасындағы жеңіс күні өткізіліп келеді. Өткен жылы дәл осы әскери бөлімде Батырлар күніне орай «Батырлар аллеясы» ашылып, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған стелла орнатылды.
Әскери-патриоттық күндер аясында қала жастарымен тұрақты түрде кездесулер, экскурсиялар, ардагерлермен жүздесулер, ғылыми-танымдық конференциялар, мергендік сайыстар және өзге де тәрбиелік шаралар ұйымдастырылып келеді. Жергілікті білім беру ұйымдары мен әскери құрылымдардың ынтымақтастығы жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайтуға бағытталып отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

