Батыр боздақтардың рухына тағзым етті

Қарағандыда ел ерлігі мен отансүйгіштіктің символына айналған батыр рухына тағзым етілді. Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған шара дәстүрлі түрде өткізілді. Салтанатты жиын барысында батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның ерлігіне құрмет ретінде бейбітшілік пен үміттің белгісі ретінде көкке ақ көгершіндер ұшырылды. Іс-шараға қала тұрғындары, ардагерлер, жастар мен әскери қызметкерлер қатысты. Бұл – өшпес ерлікті ұрпақ санасына сіңіру және ел тарихындағы тағылымды тұлғаларды дәріптеу бағытындағы маңызды рухани шараның бірі.

Қазақ халқының батыр ұлы Нұркен Әбдіров – елі үшін жанын қиған ерліктің символына айналды. Ұлы Отан соғысының ең шешуші шайқастарының бірі – Сталинград майданында, 1942 жылы, ол жанған ұшағын жау әскери техникасына бағыттап, ерлікпен қаза тапты. Бұл оның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен қайсар рухының айғағы еді. Әбдіров майдан даласында ғана емес, ел ішінде де абыройлы қызмет еткен азамат болатын. Соғысқа дейін прокуратура саласында жұмыс істеп, әділет пен заңдылықты ту еткен қызметкер ретінде ел есінде қалған. Оның өмірі – жас ұрпаққа үлгі боларлық ерлік пен адалдықтың жарқын көрінісі.

— Соғыс басталғанда Қарағанды облысының прокуратура органдарынан майданға 21 қызметкер аттанған.  Олардың ішінде Кеңес Одағының батыры, қазақ даласының қыраны, ұшқыш Нұркен Әбдіров та болған, –деді Қарағанды облыстық прокурорының міндетін атқарушы Ержан Бердібеков.

Шараға прокуратура қызметкерлері, ардагерлер, мектеп оқушылары мен батырдың жиені Әбубәкір Әбдіров пен прокуратура ардагері Нұркен Жанахметов қатысты. Олар Нұркен Әбдіровтің ерлігі мен есімі халық жадында мәңгі қалуы керек екенін жеткізді.

— Сіздерге көп рақмет! Осылай Нұркенді еске алып, осы жерде үлкен той жасап отырсыздар. Рақмет сіздерге! Соғыс болмасын. Бұл жерде ең бірінші біз өзімізді еліміздің патриоты ретінде тәрбиелеп жатқан жас ұрпақтарды осындай іс-шараларға баулып, болашақта елін сүюге, жерін сүюге, елімізге адал қызмет ететін оқушыларды дайындап жатырмыз, -дейді Н.Әбдіровтың жиені Әбубәкір Әбдіров.

Іс-шарада Нұркен Әбдіров атындағы мектептің «Жас сарбаз» сыныбының оқушыларынан құралған оркестр Мемлекеттік Әнұранды орындады. Жиналғандар батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Аспанға бейбітшіліктің символы — ақ көгершіндер ұшырылды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»