Бата – дәстүр
Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер деп жатамыз. Алайда, сол батаның байыбына бара бермейтіндер қаншама. Сол үшінде Сұрыптау бекетінде дәстүрді дәріптеп, құндылықты ұлықтап, бата алу салты қайта жаңғырды.
Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге, бата алуға аса мән берген. Шынайы жүректен шыққан бата ғана қабыл болады, дейді зерттеушілер. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені, батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Осы орайда, Қарағанды қаласының 90 жылдығына 90 игі бастама өткізіп келе жатқан, Сұрыптау бекетінің тұрғындары жыл басынан бері қалааралық стол теннисі, қымызмұрындық, бата алу дәстүрін өткізген. Игі іс-шара Сұрыптау бекетінің саябағында орын алды.
— Тарихқа үңілсек, батаны–көпті көрген көнекөз қария, аузы дуалы ақсақал, танымал тұлға, ел ардақтаған аталар берген. Дастандарды парақтасақ, батырларға би-шешендердің бата берген кезі көп. Мысалға, әйгілі Сырым батыр Бөкей биден, Төле би Әнет бабадан, Жыр алыбы Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанын беске білеміз. Бұл бұрын. Ал, қазір қоғамнан бата алғандар жайлы сирек естиміз. Иә, «қайыптан тапқан алтыннан, ақсақал берген бата артық» демекші, ақ батаның қоғамдағы рөлін қайта асқақтатсақ екен. Тәлімі мол тағлымдық салтқа түзу көзқарас танытып, келешекте біздің ұрпақ: «Ол кісі, Пәленше ақсақалдан бата алған» деген аталы сөзді тіліне арқау етіп жүрсе қандай игі дүние, — деп атап өтті Ақыт қажы мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбар.
Ескірмеген салттың бірі — бата беру. Ақыт қажы мешітінің бас имамы, шараны ұйымдастырушы Жанарбек Мамбар. Қажы өз кезегінде «аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермейтінің айтады.» Мәселең, Жамбыл Жабаев өзінің пірі санаған Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан батаны әзер алған. Өйткені, өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни, бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да, батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Ақ шаңқай киіз үйде ақ батасын беріп, білгендерімен бөлісуге Орынбасар ақсақал арнайы келген, көнекөз қария 96 жастың белесін бағындырсада, баталарымен ел есінде қалған.
— Қазақта ұрпаққа тәлім бере отырып, «Атаңның ботасын алма, батасын ал: ботаң өліп қалар, батадан бағың жанар» деп бата алуға аса маңыз берген. Сол жолмен жастарға, жерлестірімізге бата беруге келдік. Бүгінгі іс-шарада жастарымыз баталарын алды. Бата берген ақсақалдарға сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді, -деп атап өтті 96-жастағы қария Орынбасар Жұмажан.
Қалалық әкімшілік пен Сұрыптау бекетінің қалалық мәслихат депутаттары, ауыл азаматтары бастаған іс-шараның мақсаты — абыройлы, елге үлгі ақсақалдардың ақ батасын алу. Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-дүниесіндегі ізгі тілектерін жеткізген және бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың тілеуін тілейтін болған дейді, бата беруге келген 93 жастағы ақсақал. Бата алғанның бағы бар дейді, бата алуға келген қонақтардың бірі Рафаель Мусанипов. Сан ғасырдан салт-дәстүрін берік сақтаған қазақ халқында бата бағалы дүние. Бата ең әуелі – дұға. Сондықтан, қабыл болады деген тілекпен қариялардан, сөзі мен амалы тура, ақ сөйлейтін адамдардан бата алу үрдісі Сұрыптау бекетінде жыл сайын жалғасын табатын болады.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»