Баспана бақыты бұйырды

Қарағанды облысында демеушілердің қолдауымен баспанаға ие болушылар саны артуда. Олардың барлығы дерлік – он жылдан астам үй кезегінде тұрған жандар.

Бұл күні көпбалалы 4 отбасы пәтер кілтіне ие болды. Көп бөлігі — кемінде 4-тен 7 балаға дейін тәрбиелеп отырған аналар. Жаны жомарт атымтай азаматтардың арқасында баспаналы болу бақытына ие болғандардың қатарында 4 баланың анасы Баян Мәмитова да бар. 15 жыл бойы баспана жалдап, әдбен пәтер тауқыметін тартқан ананың қуанышында шек жоқ.

— 15 жыл пәтер жалдап келдік. Өте қуаныштымын. Басында сенбедім, кілтті алғандағы әсерім ерекше. Демеушілерге алғысым шексіз.

Бала – өмірдің мәні. Оларға жақсы тәрбиемен қатар қолайлы өмір сыйлау – әрбір ата-ананың міндеті деп білемін. Қанша тырыссақ та, күйбең тіршіліктің кесірінен өзіміздің пәтере қол жеткізе алмадық. Алайда, бүгін жомарт жандардың арқасында осындай үлкен сыйға ие болып отырмын,- дейді жаңа пәтер иесі Баян Мәмитова.

Берілген 4 пәтерден бөлек, демеуші қаражатына тағы үш отбасыға үй кілті табысталмақ. Қазіргі таңда жанұялар құжаттарын рәсімдеуде көрінеді. Осындай мүмкіндік «Талбесік» ұйымына қарасты «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асқан. Ұйым төрайымы Ләззат Қожахметтің айтуынша, демеуші есімін жұртшылыққа жар салып жариялағысы келмеген. Мәрт жандардың арқасында өткен жылы да жеті отбасы жеке баспана бақытына ие бөленіпті.

— Демеушіміз былтыр да 7 пәтер, биыл да 7 пәтер алып беру үстінде. Дін жолындағы азамат өз қайырымдылығын жасауда атын жасырып, жария болмауын сұрады.

Аналар ұйымы соңғы бір жарым жыл ішінде көпбалалы аналарға үй кезегіне тұру, жалдамалы баспана, атаулы әлеуметтік көмек алу, мектепте тегін тамақ, жәрдемақы алу, «Бақытты отбасыға» құжат жинау, тағы басқа мәселелерді шешуге қатысты кеңестер беріп келеді. Карантин кезінде демеушілердің қолдауымен Қарағанды қаласындағы 600-ге жуық тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек жеткіздік,- дейді «Talbesyk» көпбалалы аналар ұйымының төрайымы Ләззат Қожахметова.

Ұлтымыз қашан да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиын-қыстау кезеңде бір-біріне демеу бола білген халық. Қарағандылық азаматтар мен кәсіпкерлерді осындай игі істердің басынан табылуға шақырамыз!

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»