Банктер кибершабуыл құрбаны болуда

Осы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 25,5 мың кибершабуыл жасалған. Ол осымен бір жыл бұрынғыға қарағанда 16,7%-ға артық. Салыстырма үшін қарасақ, 2020 жылдың осы кезеңінде кибершабуылдардың саны 6,2%-ға немесе 21,8 мың жағдайға дейін өскен.

Киберқауіпсіздік саласындағы қызметтер 4 миллиард теңгені құрады. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да сервистер саласындағы көрсетілетін қызмет көлемі 326,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 42,3%-ға артты. Сектордағы нақты өсім 35,3%- ды құрады. Бұл туралы «Energyprom» ақпараттық-сараптамалық сайты хабарлап отыр.

Өңір-өңірге бөле қараса, ең көп қызмет елордада. Мұндағы қызмет құны 162,5 млрд теңгеге жеткен. Екінші орында Алматы тұр, ондағы қызмет құны 131,7 млрд теңгеге жетсе, Қарағанды облысы үштікті қорытындылап тұр. Мұндағы қызметтің жалпы құны 6,9 млрд теңгеге жеткен.

Көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 51,2%-ы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге бағытталған. Яғни қазір қауіпсіздік саласы мен бағдарламалық қызметтің қолы жүріп тұр деп айтуға негіз бар.

Жалпы, бұл тенденция тек Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін де алаңдатып отыр. Әйгілі Кашпировскийдің пікірінше, алдағы уақытта ІТ саланың дамуы кейбір елдерде «қосарланған онлайн үкіметтің» пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Қарапайым сөзбен айтсақ, хакерлер қарқынының артатыны сонша, олар алдағы уақытта кез келген саланы бұзып кіріп, тіпті өз талаптарын қойып, оны орындатуға ықпал ететін болады.

Мәселен, былтыр Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерге киберинцидент жасалғаны туралы 50 оқиға тіркелсе, жылдың әлі аяқталмағандығын ескерсек, биыл бұл көрсеткіш үш есеге өскен. Соңғы мәліметтер бойынша, биыл 134 жағдай тіркелді. Сондайақ былтыр қаржылық нарықтағы субъектілерге киберқауіпсіздікке төнген қатерді қаперде ұстау жөнінде 137 хабарлама жіберілсе, биыл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай ескертулердің санын 350-ге көбейтуге мәжбүр.

Мамандардың айтуынша, хакерлердің шабуылынан жүз пайыз қорғану мүмкін емес. Сол себепті қарапайым халыққа мынадай кеңес береді:

Біріншіден, спамға назар салмау, сіздің электронды мекенжайыңызға келген барлық күмәнді хаттарды ашпау;

Екіншіден, ниетінің түзу екендігіне көзіңіз жетпеген адамдарға өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан бермеу;

Үшіншіден, онлайн-сауда жасау кезінде сақ болу, бұл үшін мәмілелердің қауіпсіздігі мен жеке деректердің құпиялығын қамтамасыз ететін сайттарды таңдау;

Төртіншіден, егер сіз біреудің компьютерін пайдалансаңыз, онда өз құпия сөздеріңіздің сақталмағанына көз жеткізіңіз;

Бесіншіден, компьютердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларды (антивирустық бағдарламалар) ұдайы жаңартып отыру.

Егер сіз интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, онда құқық қорғау органдарына жүгінуге толық құқығыңыз бар

Елімізде 2015 жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны мәлім. Аталған заңда отандық ғаламтор пайдаланушылар үшін қауіпсіздік сертификаты туралы норма қабылданды. Соған сәйкес 2016 жылғы қаңтардан бастап шетелдік ғаламтор ресурсына ақпарат берудің шифрланған хаттамаларын пайдаланатын кез келген Қазақстанның азаматы өз компьютерінде (немесе басқа құрылғыда) отандық қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін ғана кіре алатын болады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Онда тараптардың коммуникациялық желілер мен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып немесе осындай желілер мен жүйелерге қарсы жасалған қылмыстық әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күрес мақсатында ынтымақтастықты озық тәжірибе алмасу арқылы нығайтатындығы көрсетілген.

Қазір кибералаяқтар діттеген мақсатына жету үшін небір түрлі айла-тәсілдерге барады. Мысалы, сарапшылардың пікірінше, келесі жылы алаяқтар өздерінің шоттарын «бэкдор» бағдарламасы арқылы толықтыруға ниет танытуы мүмкін. Бұл бағдарлама вирус жұққан құрылғыны қашықтан басқарып, салдарынан шотындағы ақшаны түгелімен шешіп алуға жол ашуы мүмкін.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН