Баланы ит қапты

Қарағандыда балалар ойнап жүрген жерде жеткіншек баланы ит тістеп, жарақаттады. Қабаған ит иесіне айыппұл салынды, ал баланың ата-анасы баласын емдетуге өтемақы талап етіп отыр.

«5 жасар қызды ит тістеп алды» деген ақпарат баланың суретімен бірге, бүкіл ғаламторға тарады. Мұның бәрі 5 шілде күні кешкі сағат 8-де орын алды. Бала ауруханаға жеткізілді, ал иттің иесі итті алып кетті», – дейді зардап шеккен қыздың анасы. Иттен қорқып қалған бала, ауырсынуды басатын дәрісіз ұйықтай алмайды.

– Сағат кешкі сегізде бала далада ойнап жүрген, иттің иесі баламды үйге әкеліп тастады. Балам таланған, мен ол кісіні балама көмек берген мейірімді кісі деп ойладым. Кейін Мақажанов ауруханасына барғанда білдік, иесі бізге айтпаған. Баланың таланған жері көп, сегіз сантиметрге дейінгі тістелген жарасы бар. Іріңдеп жатыр, біз ертеңінде келген кезде, ит жоғалып кетті. Иесі ит бізде болған жоқ деп отыр. Балаға дәрі әперді. Пластикалық ота керек деген кезде, ол көмек көрсетуден бас тартты, – дейді баланың анасы Анжелика Морозова.

Анжелика 4 баланың анасы, ол қызына косметикалық процедура қажет болатынын айтып, ит иесіне үміт артып отыр, бірақ ол тек бастапқы шығындарды төлеп, бұдан былай ақша бермеймін деп мәлімдеген. Айта кетейік, жапа шеккен баланың анасы бірнеше күннен кейін полицияға арыз түсірген.

– Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде баланы ит талағаны анықталды. Материалды қарау нәтижесі бойынша ит иесі серуендеу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды – 36 920 теңге айыппұл салынды, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Анжеликаның айтуынша, баланың зардап шеккен бет-әлпетін қалпына келтіруге шамамен 2 миллион теңге қажет. Біз ит иелерімен сұқбаттасқан едік. Әуелде 3 жыл бұрын иесіз жүрген бұралқы ит, кейіннен тамақтандырған тұрғындарға үйреніп қалған, сосын өз ауласына үйшік орнатқан тұрғын, итті қысқа шынжырға байлап, тамақтандырып жүрген. Ал ойын алаңын өзі балаларына арнап жасапты. Бұрын олар оны қоршауға тырысқан, дегенмен басқа көшелердің балалары бұл жерге келе бастаған және кейбір ана балаларын бұл жерге кіргізбеуге тырысқандарға наразылық танытқан. Содан бері мұнда кіру кез келген адамға ашық болды. Ит аулада емес, көрші аумақта қосалқы құрылыстардың жанында байланып тұрған.

– Өте арық ит еді, біз қаңғыбас итті аяп асырап алдық. Вагонның қасына байлап қойдық. Бала қараусыз болған. Жабық жерге бала өзі келіп итті ұстаған. Ата-анасын іздеп баланы апарып бердік, – дейді Потёмкина көшесінің тұрғыны Елена Квин.

Айта кетейік, бұл жерде ит те, үйшік те жоқ. «Қорғау» оңалту орталығының меңгерушісі Инна Радченко әлеуметтік желіден ұсынылған материалдармен танысып, бастапқыда ит иесін жауапқа тартуға бел буғанымен, кейін бұл ойынан қайтқан.

– Ит үйдікі емес, асыранды. Ит иесі дұрыс істеп, вагонның қасына байлап қойған. Тамақ ішіп отырған итке жолауға болмайды деп ата-анасы үйретпеген. Балалар итті өздері ызаландырады. Ит өзі келіп, ойнап жатқан баланы қауып алса түсінікті, бала тамақ ішіп жатқан итті құйрығынан тартып, ызаландырған. Бұл жерде өтемақы туралы сөз қозғалмауы керек, – деп тоқталды жануарларды құтқару оңалту орталығының басшысы Инна Радченко.

Дегенмен, қыздың ата-анасы сотқа жүгініп, мәселені жеке шешуге құқылы.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»