Балалар лигасы бастау алды
Қарағанды облысында балалар‑жасөспірімдер арасындағы футбол ресми жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылғы қысқы маусымында «Freedom Balalar Futbol Ligasy» (BFL) жобасы жаңа форматта басталды. Облыстық физикалық мәдениет және спорт басқармасы, Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы және Қазақстан әуесқой футбол лигасы арасында ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат жобаны жүйелі, айқын әрі тұрақты түрде дамытуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Бұрын тек жергілікті клубтар мен мектептер аясында ұйымдастырылатын ойындар енді облыстық чемпионат форматына ауысып, ресми мәртебеге ие болды. Турнир форматтары жас деңгейіне сәйкес 7×7, 6×6 және 5×5 болып белгіленді. Ұйымдастырушылардың дерегінше, 128 команда және 2000‑нан астам жас футболшы тіркелген, қатысушылар U‑7‑ден U‑16 жас санаттарына дейін бөлінген.
«Freedom BFL» лигасының басты мақсаты – жас футболшыларға тұрақты ойын тәжірибесін беру, олардың спорттық деңгейін көтеру және облыстың футболдық инфрақұрылымын дамыту. Енді матчтар ресми статистикаға енгізіліп, электронды протоколдар арқылы жүргізіледі, ойындар трансляцияланып, әлеуметтік желілерде жарияланады. Жарыстарға халықаралық және аймақтық деңгейде тәжірибесі бар төрешілер шақырылып, ойындардың әділ өтуі қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, қатысу ақылары жеңілдетілген, бұл жас командалардың турнирге қосылуын оңайлатады.
Лиганың іске қосылуы өңірдегі жастарды белсенді өмірге тартуға, командалық рухты қалыптастыруға, аудан мен қала арасындағы байланыс пен жарысқа ынталандыруға мүмкіндік береді. Ресми деңгейде ұйымдастырылуы жас футболшылар үшін спорттық разряд алу мүмкіндігін де ашады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, өңірдің барлық аудандарын қамтып, болашақта әйелдер футболын дамыту мүмкіндігін де қарастырады. Алғашқы кезеңде апта сайын 64 матч өткізу жоспарланған, бұл ойыншыларды күнделікті жарысқа дайындаудың тиімді форматы. Төрешілерді оқыту, материалдық жабдықтар, жарыс ұйымдастыру стандарттары енгізіліп, инфрақұрылым мен кадрлық дайындыққа ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы, «Freedom BFL» лигасының ресми басталуы Қарағанды облысы үшін жас спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды кезең. Бұл бастама табысты жалғаса берсе, өңірдің футбол саласындағы болашағы жарқын болмақ. Жастар жаңа ареналарда жарыстарға қатысып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

