Балабақшаларға тықыр таянды ма?

Қарағандыдағы балабақша тапшылығы мәселесі біраз жылдар бұрын аса өзекті еді. Дегенмен мемлекеттік әріптестік негізінде ашылған жекеменшік балабақшалар іскерлігімен  бұл проблема шешілгендей болды. Қарағандыда мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін 61 жекеменшік балабақша бар. Алайда осындай балабақшалардың бірқатары  қаңтар айында жабылуы мүмкін деген ақпар тарады. Оған себеп келер жылға мемлекеттік сатып алу   лицензиясының болмауы.  Бұл жаңалыққа тосырқаған «Ақерке» балабақшасының  ата-аналары  120 баланы қыс ортасы қырауда қайда апарамыз деп дал болды.

Қарағандыдағы Құлқыбаев көшесінде орналасқан «Ақерке» балабақшасы  2011 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізде  ашылған. Содан  бері мемлекеттік тапсырыс бойынша  жұмыс жасайтын мектепке дейінгі мекемеде бүгінде 5 топта 120  бүлдіршін тәрбиеленуде.  Таза қазақ тілінде қызмет көрсетер бұл балабақшаға жаңа нормативтік талаптарға сәйкессіздік себебімен қаңтар айында жабылу қаупі төнгенді.

Балабақша тәрбиешісі Жадыра Рамазанованың айтуынша,  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚКД-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдар мен балалар үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»туралы қаулысы балабақшаның жабылуына ресми себеп болуда. Нақтылай айтқанда «Ақерке» балабақшасы  2011 жылдан бері жекеменшік мекеме (ЧУ) болып тіркеліп келген. Ал 2017 жылы ЖШС ( жауапкершілігі шектеулі серіктестік)  болып ауысқан. Осы кезде мекеме мәртебесі ауысқанда құжаттар санитарлық нормалар негізінде жаңа мекемеге сәйкестендірілмеген. Сол себептіде балабақша  іскерлігін тоқтатуы мүмкін деген ақпар айтылды. Бұл ақпар алдымен ата-аналар үшін жағымсыз болды. «Ақерке»  балабақшасына ұлын берген Мәншүк Итжанова жағдайды былай деп түсіндірді:

«Мен үшін бұл балабақша аса қолайлы, әрі 50 мың теңгенің 25 мыңын үкімет төлесе, қалған 25мың теңгені төлеу маған қалтама салмақ салмайды. Балабақшада балаларға көрсетілетін қызмет көңілімнен шығады. Мұнда 5 мезгіл тамақтандырады, музыка залы , спорт залы бар. Балалардың иммунитетін нығайту үшін тұзды бөлме бар. Бұл балабақша жабыла қалса балалар қайда барады? Бұл маңда мемлекеттік балабақша да жоқ.»

Ал  жаңа қаулы негізіндегі талаптар бойынша балабақша іскерлігі заңға  сай емес. Мысалға жаңа талап бойынша дәретхана 16 шаршы метр болуы керек. Ал ойын бөлмесінде әр балаға 2 шаршы метр орын болуы шарт. Балалардың ұйықтар бөлмесі де жеке болуы міндет.

  • Бұл талаптардың бәрі нормаға сәйкес болу үшін балабақша бүлдіршіндер санының тең жартысын қысқартуы керек. Олай еткен жағдайда көрсетілетін қызметке кеткен шығын өзін ақталмайды. Бұл талаптарды дәл қазір оқу жылы ортасында орындау мүмкін емес дейді, -дейді балабақша құрылтайшысы Гүлнара Смаилова.

Ендігіде  бала саны 50-ден асқан балабақшаларда лицензияланған жекеменшік медициналық кабинеттері болуы шарт. Алайда бұл жаңалық мектепке дейінгі мекеме ашқан көптеген кәсіпкерлерге бірқатар проблема туындатып отыр. Бірнеше балабақша ашқан бизнес өкілдері белгіленген мерзімде бұл лицензияны алып үлгеру мүмкін еместігін айтуда. Ал Қарағанды қалалық білім бөлімі өкілдері болса, бұл ақпар кәсіпкерлерге тамыз айында айтылғанын және оған  қайсібір балабақша иелері баса назар аудармай, тек қарашадан бастап қам қылғанын  айтуда. Ендігіде 25 желтоқсанға дейін жаңа талап бойынша лицензия алмаған балабақшалар үшін білім бөлімі баламалы жолды да қарастырған. Облыстық білім басқармасы да жағдаймен қанық. Өткен жылдарға жасалған сараптамалар нәтижесі көрсекендей жекеменшік балабақша тәрбиеленушілері  көп жағдайда мемлекеттік бақылаумен қорғалмаған. Оған себеп кәсіпкерлік іскерлікке жарияланған мораторий.

«Лицензияны белгіленген мерзімге дейін алып үлгермеген мектепке дейінгі мекемелермен қалалық білім бөлімі келісім жасасады. Балабақшада медкабинет лицензиясы дайын болған уақытқа дейін  мұндай балабақшалар емханалармен келісім жасасу арқылы тығырықтан шықса болады. Мейлі ол жекеменшік емхана болсын, мейлі мемлекеттік емхана болсын бәрібір. Тіпті болмаған жағдайда, диломы бар, іскерлікке лицензия алған  дәрігерді жұмысқа қабылдаулары қажет», -дейді Қарағанды қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Головина.

Жалпы жекеменшік балабақшалар  лицензия алуы үшін  бар болғаны 5 құжат даярлауы қажет екен. Олар: өтініш,педагогтық білімі бар құраммен жасалған штаттық жұмыс кестесі, емханамен келісімшарт және бейнебақылау камерасы орнатылғанын растайтын ақпарлық құжат. Өзге қажетті құжаттарды білім бөлімі электронды портал арқылы өздері жүктеп алады. Бұл құжатардың бәрі бүгінде  мемлекеттік балабақшалардың жүз пайызында бар. Сондай-ақ, жекеменшік балабақшалардың 90 пайыздан астамы да осы құжаттарды уақытылы даярлаған. Бүгінде дер шағында қамданбаған шамалы балабақшалар мәселесі көтерілуде. Шындығында барлық жекеменшік балабақша бұл ақпарды енді ғана білсе, 61балабақшаның бәрі өре шу көтерер еді ғой. Санаулы балабақшаға қатысты болып жатқан бұл жағдай жекеменшік балабақшалар жабылады дегенді білдірмейді. Тек мемлекетпен серіктестік қызмет қылушы кәсіпкерлерге жауапты болу керектігін ұқтыру көзделген. «Заңсыз ел болмайды, заңға бағынған құл болмайды»  демекші талап баршаға ортақ.

Ал «Ақерке»  балабақшасы болса,  өз кезегінде қалай болғанда да ата-ана жағдаймен қанық болсын деген мақсатпен жиналыс өткізген. Онда ата-аналарға жағдайды   баяндаған хабарлама таратылған. Мазмұнында  мынадай ақпар айтылған:

ҚР Оқу-ағарту  министрінің 27.08.2022 жылғы № 381 бұйрығының қолданысқа енгізілуіне байланысты және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚКД-59 бұйрығы негізінде  «Ақерке» балабақшасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жабылады.

Жауапты министрліктердің заңды бұйрығы негізінде балабақша іскерлігін тоқтатса ата-аналар бүлдіршіндерін электрондық негізде қайта кезекке қоюларына болатыны да айтылған. Алайда бұл ұсынысты құп көрмеген аналар мәселенің шешімін табу мақсатында әкімдікке баруға бекінген. Дегенмен, балалар жылын  балаларға қатысты шағымсыз аяқтауды көп көрсе керек, екі тарап ортақ мәмілеге келгені хабарланды. Нақты айтқанда жекеменшік балабақшаларда лицензияға қатысты қойылған талап мерзімі алты айға шегерілді.

 

Әсел Құсайынқызы,

«QH»