БАЛАҢЫЗДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Жаз мезгілінде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе жазғы демалыс уақытында олардың белсенділігі артады. Қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті.

Аймағымызда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастады. Осы орайда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету әсте маңызды. Биыл 160 мың баланың бос уақытын мазмұнды жоспарлап, жұмыспен қамту көзделуде. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде баяндады.

– Жаз мезгілінде балалардың демалыс уақытын және сауықтыру жағдайын жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Ауыл мектептерінде оқитын үздік 838 оқушы «Қазақстан халқына» қоры есебінен Алматыдағы «Тау – жанашар» және Қарағандыдағы «Салют» лагерінде тегін демалады. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасынан шыққан 742 бала бюджет есебінен сауықтыру лагеріне жолданатын болады. Балаларды қорғау күнінде ерекше қуанышпен айтатын жаңалығымыз – биыл Пришахтинск қаласында алғашқы «Кәусар» оқушылар сарайы білім беру ұйымының ашылуы. Жаңа сарай заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Ғимаратта шығармашылық шеберхана, хореография залы, арт-студия, жазу студиясы, веб-дизайн, интеллект студиясы және зертхана, заманауи құрал-жабдық бар, – деді спикер.

Сауықтыру қала сыртындағы 8 лагерь базасында өтеді деп жоспарланып отыр. Ал сауықтыру орталықтарына 100 оқушы тегін жолданады. Сондай-ақ жазда балалар үшін Ақтоғай ауданында алғаш рет бір маусымда 210 баланы қамтитын 6 күндік киіз үй лагері жұмыс істейді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында алғаш рет колледждерде (Теміртау, Шахтинск қаласы) «Жазғы лагерь» бейіндік алаңдары ашылмақ.

Облыстың мамандандырылған барлық мектебінде және инновациялық лицейлерде тілдік курстар, конструкция және робототехникадан бейіндік лагерьлер жұмысын бастайды. Жазғы демалысты ұйымдастыруда бала қауіпсіздігіне баса назар аударылмақ. Осы мақсаттағы «Қауіпсіздік» жобасы аясында лагерьлерде жұмыс жасайтын мұғалімдерге алғашқы көмек көрсету тәсілдері көрсетіледі.

– Өткен жылы бастау алған жобада облыстың 10 мың педагогіне сертификат берілген. Жоба адам өмірін сақтап қалу және төтенше жағдайдағы алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретті. Сонымен қатар жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 200 студентті қамтитын «Студенттік педагогикалық жасақтар» жобасын іске асыру да жоспарда бар. Аудан, қалаларда «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары жаз бойы өтеді, – деп атап өтті Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Сонымен қатар биыл 1-11 сынып оқушыларына арналған «Сенің шаттыққа толы демалысың» атты нұсқамалар (гайдбуктар) оқушыларға алғаш рет таратылып, ата-аналар чаттарына жолданды. Гайдбукта ата-аналар үшін пайдалы ақпарат, жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлер тізімі, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда хабарласатын шұғыл қызметтердің нөмірі бар.

Маусымда балалар үшін мектеп жанындағы лагерьлер ашылып, «Қауіпсіз жаз» акциясы басталды. Әлеуметтік осал топқа жататын 2 605 азаматқа 7 млн 155 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілмек.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»